Қаланың дамуы тек әкімдік пен мемлекеттік бағдарламаларға ғана емес, сол қалада тұратын тұрғындардың белсенділігі мен қаланы көркейтуге деген ынтасына да байланысты. Әсіресе шағын қалаларда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жетілдіру үшін жергілікті тұрғындардың идеялары мен ұсыныстары аса маңызды. Себебі халық өз қаласына не қажет екенін жақсы біледі.
Көп жағдайда жергілікті тұрғындардың бастамалары мен ұсыныстары болғанымен, оларды жүзеге асыруға қажет қаражат пен ресурс табыла бермейді. Қала әкімдігінің бюджеттік шектеулері мен жылдық жоспарына сәйкес ұсыныстар жүзеге асырыла бермейді. Мұндай жағдайда қоғамдық қорлар мен жеке компаниялардың қолдауы аталған мәселелерді шешуге көмекші болады. Олар тұрғындардың идеяларын қаржыландырып, жобаларды іске асыруға көмектеседі. Осындай қолдаудың жарқын мысалы – Tugan Qala жобасы.
ERG-ден шағын қалаларға – үлкен қолдау
Tugan Qala жобасы – тұрғындардың бастамасымен іске асатын, шағын қалаларды дамытуға бағытталған әлеуметтік жоба. Жобаның мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, қаланың инфраұрылымына оң ықпал ету.

Бұл жоба ашықтық пен әділдікке негізделген. Бұлай бағалауға себеп – жобаның концепциясы бойынша қала тұрғындары арнайы сайт арқылы өз идеяларын ұсынады, ал ең тиімді әрі маңызды бастамалар ERG тарапынан қаржыландырылады. Бұл – халық пен бизнестің тиімді серіктестігіне негізделген, елдің дамуына үлес қосатын керемет тәжірибенің үлгісі.
Tugan Qala жобасының табысты жүзеге асуына Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы қолдау көрсетеді. ERG – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында жұмыс істейтін, әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі.
Әлеуметтік жауапкершіліктен туған идеялар
Tugan Qala жобасы арқылы қазірдің өзінде Ақсу, Хромтау, Лисаков, Рудный сияқты шағын қалаларда түрлі жоба ұсынылды. Олардың қатарында балалар және спорт алаңдары, саябақтар мен демалыс аймақтары, экологиялық бастамалар, инклюзивті жобалар және түрлі мәдени-әлеуметтік шаралар бар. Бұл бастамалардың барлығы жергілікті тұрғындардың ұсынысымен пайда болған.
EERG – әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін компания. Ол өз қызметкерлерінің игілігімен қатар, кәсіпорындарыц орналасқан қалалардың тұрақты дамуына да ықпал етеді. Ақсу қаласындағы Tugan Qala жобасының үйлестірушісі әрі «Десента» қоғамдық қорының жоба менеджері Юлия Айдаргазина да бұл пікірді растайды. Оның айтуынша, бұл бастама ұзақмерзімді жобалардың бір бөлшегі ретінде дүниеге келген. Айта кетейік, «Десента» қоғамдық қоры 2020 жылдан бері бірлесіп жобалау мен бастамашыл бюджетті дамыту бағытында жұмыс істейді.
Юлия Айдаргазина халықтың игілігіне арналған жоба алғаш басталған кезде ERG компаниясының демеушілігімен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын әлеуметтік технологияларды дамыту қауымдастығының жетекшісі Сания Араповамен танысады. Ірі форумда басталған таныстық Tugan Qala жобасы мен ERG компаниясының серіктестігіне әкелді.
Жобалар қалай іріктеледі?
Tugan Qala жобасының басты ерекшелігі – тек демеушілікпен шектелмей, тұрғындардың өздері бастама көтеріп, жобаның жүзеге асуына бастан-аяқ тікелей қатысуына мүмкіндік беруінде. Ақсу қаласындағы Tugan Qala жобасының үйлестірушісі Юлия Айдаргазинаның айтуынша, жергілікті тұрғындар өздеріне нақты не қажет екенін және оны қалай жүзеге асыру ыңғайлы екенін басқа мамандарға қарағанда жақсырақ біледі.
Алғашында жоба тек қоғамдық кеңістіктерді – балалар мен спорт алаңдарын, жаяу жүргінші жолдарын, демалыс орындарын абаттандырумен шектелген. Кейіннен жоба аясында әлеуметтік және мәдени іс-шараларды қолдау да қамтыла бастады. Мысалы, жоба аясында Ақсу қаласында «Родные напевы» орыс халқы хорының шығармашылық қызметіне 40 жыл толған мерейтойы аталып өтті.

Айта кетейік, Ақсу қаласындағы шығармашылық ұжымдар Сәбит Дөнентаев атындағы қалалық мәдениет үйінде жұмыс істейді. Оларға қаржыландыру қалалық бюджет есебінен бөлінеді. Алайда ол қаражат құрал-жабдықтар мен сахналық костюмдер сатып алуға және уақыты келгенде жаңартып отыруға жеткіліксіз. Жоба аясында жеңіске жетіп, қаржыландыруға ие болу хордың мерейтойы кезінде костюмдер мен техниканы жаңартуға мүмкіндік берді. Хордың мерейтойына арналған концерт орыс халық әндері хорының қызметін танытуға, жаңа көрермен жинауға және көпұлтты елімізде ұлттар достығын насихаттауға сеп болды.

Жобаның тағы бір жарқын мысалы – жастарға арналған «Жастар Фест» би фестивалі. Фестивальге тек Ақсу қаласының емес, басқа қаладан келген өнерпаздар да қатысып, шара үлкен аудитория жинады.
Алғашында Tugan Qala жобасы халық арасында танылмай тұрып бұл бастаманың болашағына күмәнмен қарағандар болды. Алайда уақыт өте келе идеяның өміршеңдігі мен нәтижесі жергілікті халық арасында тез танылуына ықпал етті. Жыл сайын жоба аясында ашық өтінім қабылдау жүргізіледі. Әдетте өтінім қабылдау қыркүйек айында басталып, бір айға созылады. Арнайы портал арқылы кез келген азамат (Tugan Qala жобасы қамтитын қалалардың тұрғындары) өз идеясын ұсына алады. Ұсыныстар саны жыл сайын артып келеді. Қазір жылына кем дегенде 100 ұсыныс келеді. Идея авторларын жоба ұжымы «капитандар» деп атайды. Олардың ішінде жобаға жыл сайын қатысып, әртүрлі жобаларымен бірнеше рнет жеңіске жеткендер де бар.
Мысал ретінде Асыл Амиров есімді азаматты айтуға болады. Ол алғашында мүгедектігі бар жандарға арналған «бочча» ойынына алаң салуға ұсыныс берген. Жоба жеңіске жетіп, жүзеге асты. Келесі жылы ол паратеннис бойынша республикалық турнир ұйымдастырды. Биыл балалар алаңын жақсартуға қатысты жобасын ұсынып отыр.

Алғашында ұсынылған идеялар толыққанды жоба емес, тек бастама күйінде болады. Сондықтан жоба орталығы капитандармен 6–8 апта жұмыс істеп, оны нақты жобалық өтінімге айналдырады. Бұл кезеңде бюджет, визуализация, техникалық сипаттама, жоспар сынды барлық маңызды элементтер талқыланып, жобаның толық құжаты дайындалады.
Ақсу қаласы бойынша байқауға жіберілген жобаларға дауыс беру процесіне тек Ақсу қаласының тұрғындары қатыса алады. Геолокация мен ЖСН арқылы тексеру жүргізіледі. Мұндай жүйе дауыс беру нәтижелерін бұрмалауға жол бермейді.
«Әлеуметтік жобаларда компания тек қаржы демеушісі болмауы керек»
Юлия Айдаргазина мұндай әлуметтік жобаларға қаржылай қолдау көрсететін серіктес компания тек демеуші емес, әлеуметтік жауапкершілік сезінетін, процесске тікелей атсалысатын жанашыр болғанда ғана бастамалар жақсы нәтиже беретінін айтады.
ERG компаниясы Tugan Qala жобасында тек қаржылық қолдау көрсетуші емес, шынайы серіктес ретінде белсенді жұмыс істейді. Компания жобаның ақпараттық, ұйымдастырушылық және логистикалық жағынан табысты болуына үлес қосады. Мәселен, 2024 жылы өткен «Жеті қазына» атты ұлттық спорт ойындары фестивалінде ERG шара өтетін алаңда киіз үйлер орнатуға көмектесіп, көлікпен қамтамасыз еткен. Компаниялардың жобаға тікелей атсалысуы өздері демеушілік жасаған жобаның нәтижесімен жақынырақ танысып, халықтың алғысы мен талабын тікелей бақылап, әрі қарай жобаны қандай бағытта дамыту керек екенін түсінуге көмектеседі.
Юлия Айдаргазина үшін бұл жоба – тұрғындардың белсенділігін арттырып, олардың өз қаласының дамуына ықпал ете алатынын көрсететін нақты мүмкіндік. Оның байқауынша, бастапқыда сын айтып қана отыратын азаматтар жобамен жұмыс барысында өз ауласын, қаласын жақсарту ісіне араласып, бюджет, жоспарлау, логистика сынды салаларды игеріп, жаңа білім мен дағдыға ие болды.
Алғашында жоба тек инфрақұрылымға бағытталған болса, кейіннен мәдени және әлеуметтік жобалар қосылды. Юлияның айтуынша, қазіргі жастардың әлеуеті зор – олар жаңа идеялар мен энергияның қайнар көзі, сондықтан жоба жаңа белсенді азаматтарды тартуды жалғастырады.
Сандар сөйлесін
Биыл, 2025 жылы Tugan Qala жобасы аясында Ақсу қаласында 10 инфрақұрылымдық және 6 әлеуметтік жоба жүзеге асады. Олардың қатарында перзентхананың алдында фотоға түсуге арналған аймақты инсталляциямен безендіру, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұшқыш Хиуаз Доспановаға арналған мурал салу сияқты ерекше жобалар бар. Бұл – тұрғындардың нағыз қажеттіліктерінен, жүрек түкпіріндегі армандарынан туған идеялар.
2024 жылы барлығы 107 өтінім қабылданып, оның ішінен 31 жоба іріктеліп, дауыс беруге жіберілді. Оның ішінде 16 жоба жеңімпаз атанып, оларды жүзеге асыруға 130 млн теңге бөлінді.
2023 жылы да жүзге жуық идеяның 32-сі дауыс беруге жіберіліп, 15 жеңімпаздың жобасын жүзеге асыру үшін 120 млн теңге жұмсалған.
2022 жылы да 96 өтінімнің 22-сі іріктеліп, ең соңында 12 жоба үшін 120 млн теңге бөлінді.
Жобаның алғашқы кезеңінде 2021 жылы 46 идеяның ішінен 21 жоба іріктеліп, оның 16-сын жүзеге асыру үшін 80 млн теңге жұмсалды.
Бұл сандар мен көрсеткіштерге қарасақ, Tugan Qala жобасы іске қосылған бес жылдың ішінде үнемі жаңарып, кеңейіп келе жатқаны байқалады. ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажановтың айтуынша, компания жергілікті тұрғындардың туған жеріне деген жанашырлығын жоғары бағалайды. «Tugan Qala жобасына тұрғындардың қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Себебі бұл бастама олар тұрып жатқан көше, олардың үйі мен ауласын жақсартып, көркейтуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік жауапты компания ретінде ERG тұрғындардың өз елді мекендеріне деген жанашырлығына шын қуанып, олардың бастамаларын қолдауға талпынады, — дейді ол.