Алпауыт компанияның дәстүрлі іс-шарасы қаланы көркейтуге бағытталған әлеуметтік жобаларды қорытындылауға арналды. Лисаков халқына ERG қолдауымен жүзеге асқан игі бастамалар таныстырылды. Кеншілер кентінде «Tugan Qala» бағдарламасы басталғалы атқарылған жұмыстар көпшілікке көрсетіліп, игі іске атсалысқан белсенді тұрғындар марапатталды. Бұл форум бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Tugan Qala жобасы туралы?
Миллион теңге тұратын идея! Қазақстандағы моноқалалар тұрғындары шаһардағы инфрақұрылымды жақсарту қамымен жыл сайын осындай жүздеген бастама ұсынады. Бұл – Eurasian Resources Group(ERG). Жыл сайын облыс әкімдіктерімен арада жасасатын меморандум аясында бөлінген қаражаттың қайда бағытталатынын тұрғындар шешуіне мүмкіндік беретін бастама. Жоба 2020 жылы қолға алынды. Кейінгі бес жылдың өзінде ERG қызмет ететін қалалардан 1 297 жобалық ұсыныс түскен. Оның 423-і дауыс беруге жіберіліп, 185-ін қала тұрғындары қолдаған.

«Tugan Qala тұрғындардың өзі тұрып жатқан қаланы жақсы жаққа өзгертуіне септесіп, нақты қолайлы құралдар мен ашық, айқын іріктейтін жүйе ұсынды. Бастама жүректен шығып, жүрекке жетті. Жыл сайын келіп түсетін ұсыныс санының үздіксіз артып келе жатқаны — соның айқын дәлелі. Бізді бастамалардың сапасы да жақсарып келе жатқаны шын қуантады», — дейді әлеуметтік технологияларды дамыту қауымдастығының вице-президенті Сәния Арапова.
Бастама Хромтау, Ақсу, Рудный, Лисаков қалалары мен Қашар және Октябрьский кенттерінде іске асырылып жатыр. Биыл Лисаков қаласында да өтінімдер қабылданды.
Оның аясында бүгінге дейін 144 әлеуметтік нысан салынып, іске қосылған. Олардың қатарында балалар мен спорт алаңдары, арт-нысандар мен инклюзивті жағажай, шаңғы роллер жолы және басқа да әлеуметтік маңызды жобалар бар. ERG барлық бастаманы іске асыруға жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлген.
«Жоба 2017 жылы шамалы басқалау формада, шағын көлемдегі әлеуметтік жобалар байқауы түрінде басталды. Осыдан соң оның өміршең идея екеніне көзжетті. Түрлі өзгеріс енгізіп, жаңадан атауын ойластырып, бөлек бағдарлама ретінде іске қостық. Әуел баста 10 млн теңге бөлдік. Кейін ауқымына қарай қаржыландыру көлемін арттырдық. Жобаның біртіндеп қанат жайып келе жатқанын ескерсек, қамту аумағы ұлғая беретініне күмән жоқ», – дейді ERG компаниясының Әлеуметтік қамтамасыз ету ісі жөніндегі директоры Шаттық Әбдіхалықов.
Бағдарламаның ереже-шарты қарапайым:
- қаланың инфрақұрылымын жақсарту;
- келбетін көркейту;
- білім мен медицина сапасын көтеру;
- мәдениет пен бұқаралық спорт түрлерін дамыту.
ERG компаниясына тұрғындардан әр алуан мәселеге қатысты жүздеген әлеуметтік жоба келіп түседі. Кейін тұрғындар бұл жобалардың әрқайсына дауыс береді. Компания ең көп дауыс жинаған жобаларды іріктеп алып, оған қомақты қаражат бөліп, қысқа мерзім ішінде қағаз жүзіндегі идеяны шынайылыққа айналдырады.


Бір айта кетерлігі, ERG компаниясы еліміздің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға мол инвестиция құйып келеді. ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлерге құйылған әлеуметтік инвестициялардың көлемі бүгінде 400 млрд теңгеге жуықтаған. Компания биыл Қостанай облысын дамытуға 2,6 млрд теңге бөлді. Ал «Tugan Qala ERG» – компания қолдауымен іске аса бастаған көптеген жемісті жобаның бір пұшпағы ғана.
Сөзден іске: өзгеріске бастаушы бағдарлама
Лисаков қаласында бұл бастама былтырғана қолға алынды. Дей тұрғанмен бағдарлама қазірдің өзінде алғашқы жемісін беріп отыр. Ауыз толтырып айтарлықтай дүние көп. Жергілікті әкімдік пен ERG компаниясы бірлесе отырып қолға алған игі істер жайынан қала басшысы Абай Ибраев хабардар етті.
«ERG компаниясы Лисаков қаласының әлеуметтік, экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Ал компания іске асырып жатқан «Tugan Qala» бағдарламасының маңызы тіптен ерекше. Бұл әлеуметтік жоба аясында қаламызда тұрғындардың ұсынысы бойынша көпке пайдасы тиетін бірталай жаңа нысан салынды. «Tugan Qala» қысқа мерзім ішінде өзінің нағыз халықтық жоба екенін дәлелдеп отыр. Тұрғындарымыз өте белсенді қатысып жатыр. Мәселен, бұл бағдарлама Октябрь кентінде 2022 жылы басталып, 104 млн теңгеге 13 жоба іске асырылды. Ал Лисаковта 2024 жылы тұсауы кесіліп, былтыр тұрғындар тек жобаларды таңдауға атсалысты. Нәтижесінде, биыл алты жоба іске қосылды. Алдағы уақытта жобалар саны артып, қаржыландыру көлемі де ұлғая түспек. Бағдарлама бастамашыларына жергілікті халық атынан алғыс білдіреміз», – деді қала әкімі.
ERG-дің табысты тәжірибесі бүкпесіз көрсетілген форумға «Қазақмыс», «Qarmet», «Қазатомпром» сияқты тау-кен металлургия компанияларының өкілдері, сондай-ақ моноқалалардың әкімдері қатысты. Мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы билік қызметкерлері, еріктілер мен қала тұрғандарын қоса алғанда, ұзын-ырғасы 150-ден астам адам келелі іс-шараға куә болып, ақжолтай бағдарлама туралы кең мағлұмат алды.
Қатысушылар Лисаковта туризмді дамыту үшін атқарылып жатқан іс-шарадан хабардар болып, еліміздің өзге де осындай моноқалаларында игі істерімен із қалдырған адамдардың өнегелі бастамаларымен танысты. «Tugan Qala-дағы» менің тәжірибем» мүйісінде өз қаласын жақсартуға күш-жігерін жұмылдырған азаматтардың идеясы шаһардың шырайын кіргізіп, елдің игілігіне жарап жатқаны өнеге етіп көрсетілді.
Бұдан бөлек, жергілікті жердегі қолөнер шеберлеріне көрме ұйымдастырылды. Ғимараттың кіреберісіне жайылған көркем көрмеге көпшіліктің назары ауды. Қалың қауым ісмерлердің бірінен бірі өтетін сәнді бұйымдарын тамашалап, таңданыспен бағалап жатты.
Салтанатты ашылу рәсімінен соң форумға қатысушылар осы жоба аясында Лисаковтың өзінде салынған әр нысанды аралады. Атап айтқанда, қалалық жағажайдағы уоркаут-алаң, спорт кешені, жаттықтырғыш бұрышы, көп қабатты үйдің тұрғындары көптен бері қол жеткізе алмай келген автотұрақ, футбол алаңы тәрізді кент тұрғындарының қалауымен салынған нысандармен жекелей танысты.
Әр идеяның авторы – халық қолдаған қарапайым азаматтар. Мәселен, қалалық жағажайға спорт алаңын орнату бастамасын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Руслан Симбаев қорғап шыққан.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, биыл бастамаммен өзен жағасында құмдағы уоркаут алаңы пайда болды. Енді жағалаудағы демалысты әдемі де кәделі өткізуге мүмкіндік бар. Суға шомылу процесін таза ауада денсаулықты нығайту, дене сымбатын жақсарту жаттығуларымен үйлестіруге болады. Мұнда бес жаттықтырғыш, гимнастикалық кешен, екі уоркаут-жаттықтырғыш және орындықтар орнатылды. Бұл жерден қазірдің өзінде қала жастарының аяғы арылмайды, таң-азаннан келіп жаттығатындар бар», – дейді Руслан Симбаев.
№14 шағын ауданда да көптен күткен қуаныш болды. Бұл шағын ауданның 300-ге тарта үйі, мыңнан астам тұрғыны, 150-ден аса бала бар. Ауданның бұған дейін не спорт алаңы, не балалар ойнайтын алаңқайы болмаған. Осы олқылықтың орны толып, таяуда ғана уоркаут және көше жаттықтырғышы бар спорт алаңы салынып бітті. Бұл алаң әр жастағы адамдардың таза ауада спортпен шұғылданып, дене шынықтыруына жақсы болды. Спорт алаңының жанына жергілікті әкімдік балалар алаңқайын да салып берген. Осының бәрі – «Tugan Qala» жобасына қатысқан осышағын ауданның қарапайым тұрғыны Александра Горбачевскаяның бастамасының арқасы. Жақында нысанның керме жібі қиылды.

«Ұсынысымды көрші-көлем, жалпы шағын аудан тұрғындары бір ауыздан қолдай кетті. Мұнда қажет құрал-жабдықтың бәрі бар. Барлық қауіпсіздік шарасы ескерілді, тартан жабыны төселді, велосипедтерге арналған тұрақ та қарастырылды. Жалпы, тұрғындарға қалау-тілегін өздігінен іске асыруға жол ашатын берекетті жобаның демеушілеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді Александра.
Көп дауыс жинаған жобалардың қатарында №11 шағын аудандағы автотұрақ та бар. Жоба авторы Райхан Ерғалиеваның айтуынша, бұл да– қажеттен туған бастама.
«Бос жер белгіленіп, асфальт төселіп, арнаулы жол таңбалары салынды. Жалпы аумағы – 1104 шаршы метр. Аса бір ауқымды емес те шығар, бірақ бұл жобамыз елеулі бір мәселенің шешімін табуға ықпал етті. Автотұрақ үй аулаларының кеңістігін босатып, тұрғындардың, әсіресе, балалардың емін-еркін жүріп-тұруына жағдай жасады», – дейді Райхан Ерғалиева.
Бақ сынауға кім-кімге де жол ашық
Көптен бері оқшау бір ойдың жетегінде, жеке жобасын жүзеге асыруды көздеп жүрген қауымға «Әлеуметтік желілердің бизнеске жәрдемі: сатылым мен ілгерілету» тақырыбындағы шеберлік трениңнің пайдасы тигені сөзсіз. Олар кәсібін мейлінше аз шығынмен қарқынды дамытып, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалануды меңгеруге талпынды. «Күнделікті өмірде жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану» тақырыбындағы дәріске қызыққандарда көп болды. Жас та, жасамыс та жасанды интеллектке иек артқан жаңа дәуірде бұл тақырыптағы трениңнің көрерменсіз қалмайтыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, қандай да бір бастама-жобаға цифрлық технология, жасанды интеллект шешімдері қолданылып жатса, тартымдылығы артып, мән-мазмұны тереңдей түсері анық.
«Жалпы, «Tugan Qala» бағдарламасының бас игілігі – жүзеге асу тетігінің халық ырқында болатыны. Өйткені адамдар өз қолымен істеген дүниені ерекше құндайды, ұқыппен қарап, көздерінің қарашығындай қорғап, күтім-бабын қадағалайды. Айталық, өз бастамаларымен салған алаңдарға кімдердің келіп-кететінін, қалай тұтынатынын назарда ұстайды, олқысын түзеп, кемдігін бүтіндеп отырады. Қуанышымызға орай, локациялық, салалық спектр де кеңейіп келеді. Тиісінше, идея сатысындағы жобаларды іске асыруға жан-жақты жәрдемдесу процесін де қаперде ұстаймыз. Білікті мамандар өткізіп жатқан бүгінгі трениңдер – соның жарқын үлгісі», – дейді Шаттық Әбдіхалықов.
Форум «Туған қалам Лисаков» онлайн байқауының жеңімпаздарын марапаттауға ұласты. Үздіктерге диплом мен естелік сыйлықтар табыс етіліп, жиынның түйіні қойылды.

Негізі, ынта мен ықылас болса, қалаға пайда тигізу, сәнін кіргізіп, ажарын ашу – әркімнің-ақ қолынан келетін іс. Бастысы, идея салмақты, тартымды, өзекті саналса, қолдаушысыз қалмайсыз: дауыс беруге халық, қаржы бөлуге компания дайын.
Жандос Жүсіпбек
Қостанай облысы, Лисаков қаласы