Рудныйда өндіріс саласындағы жаңа идеялар мен технологиялық шешімдерді дамытуға арналған инженерлік-техникалық форум басталды. Форум – жас мамандар мен студенттер арасында тәжірибе алмасуға, инженерлік бастамаларды дамытуға арналған ірі кәсіби алаң.
Жиынға ССКӨБ, Қашар кені, ERG Service компанияларының жас қызметкерлері және Рудный индустриалды университетінің (РИУ) студенттері қатысты. Қатысушылар бастамаларын Темір дивизионының келешек дамуына бағыттап, жаңа технологияларды енгізу мен қолданыстағы өндірістік процестерді жетілдіруге арналған жобаларын сарапшыларға ұсынды.
Форум – инженерлік ой мен өндірістік инновацияларды дамытуға арналған ССКӨБ-тің пилоттық жобасы. Биылғы шараға 60 қатысушы іріктеліп, олар өз идеяларын ERG кәсіпорындарының топ-менеджерлерінен құралған қазылар алқасына таныстырды. Екі күнге жоспарланған форум барысында қатысушылар жобаларын қорғап қана қоймай, бизнес-ойындар мен интерактивті квиздерге қатысты.

Өндірісті дамыту – біздің алдымыздағы басты міндет әрі қажеттік. ERG өндіріс жүйесі табыстың негізі, бірақ ол адамдардың ойлау қабілеті мен жаңашыл идеялары арқылы ғана өміршең болады. Бүгін дәл осындай жаңашыл жандар бас қосты, – деді ERG-дің операциялық тиімділік жөніндегі директоры Олег Захаров.
ССКӨБ бас директоры Сергей Кузьменко форумның компания үшін стратегиялық маңызына тоқталды.
Біз кәсіпорын тарихындағы алғашқы инженерлік-техникалық форум өткізуді қолға алдық. Қазір батыл және технологиялық идеяларды қалыптастыру бұрынғыдан да маңызды. Бұл бастама компанияның болашағын айқындайтын маңызды қадам. Сонымен қатар, сенімді серіктесіміз – Рудный индустриалды университетімен ынтымақтастықты нығайтамыз, – деді ол.

Қатысушылардың жобалары алты тақырыптық секция бойынша ұсынылды. Жас инженерлер мен студенттер жабдықтарды жаңғырту, өндірістік процестердің тиімдігін арттыру, еңбекті ұтымды ұйымдастыру, сонымен қатар еңбекті қорғау мен өнеркәсіп қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған шешімдерін таныстырды.
Форумның ерекшелігі – тәжірибелі инженерлер мен студенттердің бірлескен жұмысы. Университет өкілдері өндірістік міндеттерге жаңа көзқарас ұсынып, инновациялық тәсілдер арқылы өз жобаларын қорғады.
Форум қорытындысында әр секция бойынша үш жеңімпаз анықталады. Олар ақшалай сертификаттар мен дипломдарға ие болады.


