ERG Skills International байқауы шеберлік шекара талғамайтынын көрсетті

«Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» деген қазақ мақалы бар. Ал ERG Skills International кәсіби шеберлік байқауы өндіріс маманы еңбек алаңында шынығатынын көрсетті.

Павлодар облысының Ақсу қаласында өткен халықаралық жарыста балға мен станоктың үні, дәнекерлеу отының ұшқыны, есептің дәлдігі мен химиялық талдаудың иісі қатар көрініс тапты. Әр елден келген қатысушы өз елінің намысын қорғау үшін ғана емес, өз ісінің майталманы екенін дәлелдеу үшін келген. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Қытайдан келген 160 маман мен студент бес күн бойы 13 түрлі бағытта – құю ісі, тау-кен өндірісі, автоматика, дәнекерлеу, зертханалық талдау, геодезия және тағы басқа бағыттар бойынша сынға түсті.

Байқау Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында және 2025 жылы қыркүйекте жарияланған жолдау тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.

Өндірістегі мамандардың жарыс залы олимпиаданың жарыс залына ұқсамайды. Жарыс залы бір сәтке өндіріс орнына айналғандай. Бір жерде темір жонып жатқан токарьдің қолынан ұшқан ұшқындар көзге ілінеді. Екінші жақта химия талдаушысы дәлдікке сүйеніп сынамаларды өлшеп отыр. Ал автоматика мамандары экран мен механизмнің тілін табуға тырысады. Бәрінің мақсаты бір – өз кәсібінің үздігі екенін көрсету.

Дмитрий Гусев

«Жарыс барысында жаңа буындағы сандық басқару қондырғысы бар станокта жұмыс істеу ерекше әсер қалдырды. Сайыста жоғары дәлдік пен өңдеу технологияларын терең түсінуді талап ететін тапсырмалар берілді. Бәрін тапсырма барысында шұқып жүріп, меңгеріп алдым. Осындай тапсырмалар кәсіби өрлеуге, өзіңе сенуге жетелейді. ERG Skills International сайысындағы жеңіс – тек жеке нәтиже емес, үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан әріптестерің мен компанияның жеңісі. Себебі олар біздің дамуымызға көп көмектеседі», – дейді «Сандық басқару қондырғысы бар станоктағы токарь ісі» құзіреті бойынша бақ сынаған ERG Service сандық басқару қондырғысы бар станогының токарі Дмитрий Гусев.

Дмитрийден бөлек, осы аталым бойынша «Ақсу қара металлургия колледжі» маманы Ярослав Кутовой мен Қ.Пішембаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжінен келген қатысушы Мұса Құсайынов та үздік үштіктен көрінді.

Қайсар Дәулетбай

ERG Skills International 2025 байқауында токарь ісі бойынша үздік үштіктен көрінген Қайсар Дәулетбайдың есімі Baribar оқырмандарына таныс болар. ERG Skills кәсіби байқауының жүлдегері атанған жас маман бұған дейін де бізге сұқбат беріп, кәсіби даму жолын баяндап берген болатын. «Қазақстан алюминийі» АҚ электр станциясының қызметкері, ERG Skills кәсіби байқауының жүлдегері Қайсар Дәулетбай бұл кәсіпорында жұмыс істеп жүргеніне бір жыл болмаса да, жетістіктерімен әріптестеріне үлгі. Жас маманның айтуынша, бұл кезең – оның еңбек жолындағы халықаралық әрі маңызды баспалдақтардың бірі.

Жарыста студенттер де ерекше көзге түсті. Мәселен, Өскемен жоғары политехникалық колледжінің шәкірті Рамис Сапаров CAD инженерлік графикасы бойынша жеңімпаз атанса, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің студенті Аралбек Жанысбеков екінші орын алды. Себебі жарыста білім беру бағытына ерекше назар аударылды. ERG Skills International байқауына ERG мен колледждер альянсы, сондай-ақ басқа да оқу орындарының өкілдері, жалпы 15 колледж бен университет өкілдері қатысты. Рудный индустриалдық институты, Торайғыров университеті, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі, Ақсу қара металлургия колледжі сияқты жарысқа қатысқан оқу орындары Қазақстанның тау-кен металлургия кешеніне мықты мамандар дайындайды.

Жеңіс тұғырында тұрған бұл жастардың жүзінде сенім мен болашаққа деген үміт бар. Олар үшін ERG Skills – өндіріс әлеміне алғашқы қадам, ал олардың артында еліміздің индустриясының болашағы тұр.

Бұл пікірді «Бұл байқау – Президент Жолдауында атап өткен адам капиталын және жұмысшы мамандықтарды дамытуды ұлттық дамудың басымдығы ретінде айқындаған бағытпен үндес», – деген ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов та растайды.

Расымен, ERG Қазақстандағы кадр даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтеріп келеді. Компания мектептен бастап колледж бен университетке дейінгі білім экожүйесін қалыптастырған. ЕRG – елімізде әлемдік деңгейдегі корпоративтік университет жүйесін құрған алғашқы компания. Қазір ERG корпоративтік университетінің 11 фронт-офисі бар. Компания қызметкерлері платформаға тәулік бойы, аптасына жеті күн қол жеткізе алады. Университетте көшбасшылық, өндіріс және техникалық қызмет көрсету, еңбекті қорғау және қауіпсіздік, жұмысшы мамандықтары бойынша кәсіби оқыту және цифрландыру бойынша бес академия құрылған. 2 500-ден астам курс пен бағдарлама бойынша 60 000-нан астам қызметкердің біліктілігін арттыра алады.

Ал ERG Skills International сайысын өткізу – осы экожүйенің маңызды бөлігі. Бұл еңбек стандарттарын жоғарылатып, жас мамандардың кәсіби құзыреттерін арттырады. ERG бұл бастамасы арқылы елдің адами капиталын дамытудың нақты үлгісін көрсетті.

Ақсу қаласында өткен халықаралық байқаудың тағы бір ерекшелігі – екі елдің, Қазақстан мен Қытайдың еңбек өкілдері бас қосты. Оларды біріктірген нәрсе – еңбекке деген құрмет, кәсібіне деген адалдық. Қайнаған темір мен күйген балқыманың арасында шыңдалған бұл мамандардың қолында – өндірістің болашағы мен күші, прогрестің діңгегі тұр. Сөз басында айтқандай, «Болат қайнауда шынығады, Батыр майданда шынығады». Ал нағыз өндіріс маманы еңбек алаңында шынығады.

Оқи отырыңыз

Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері чемпионатта топ жарды

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкері Балғынбек Мырзабек WorldSkills Kazakhstan 2025 республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында «Өнеркәсіп автоматикасы» бойынша бірінші орын...

Ақсу-1 теміржол станциясын реконструкциялау жобасы аяқталды

Павлодар облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын Ақсу-1 теміржол станциясын реконструкциялау жобасы толық аяқталды. Осылайша өңірдің көлік инфрақұрылымында маңызды жаңару кезеңі басталды. Жаңғыртылған нысан вагондар мен локомотивтердің...

Дөң тау-кен байыту комбинаты үздік кәсіпорын атанды

Астанада өткен «Кәсіби маман» республикалық байқауында ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты «Кадр даярлауға қатысушы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша...