Биыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы және Абайдың 180 жылдығы аясында ERG шығармашылық жоба қолға алып, Қазақстанның бірнеше қаласында заманауи муралдар салынды.
Еңбек адамдарының бейнесі мен қазақ классигінің мұрасын дәріптейтін бұл суреттер ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлердің келбетіне айналды. Жоба аясында жеті мурал бой көтерді.
Алғашқы жоба – Лисаковтағы алып мурал
Алғашқы мурал Лисаков қаласында салынды. Тоғыз қабатты тұрғын үйдің бір бетіне салынған көлемді суреттің ашылуы қала күні және «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның 75 жылдығымен тұспа-тұс келді. Композицияда тау-кен өндіру саласының мамандары мен Абайдың «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап» деген сөзі бейнеленді.
Павлодар мен Өскеменде еңбек адамының бейнесі салынды
ERG Service-тің Павлодар машина жасау зауытында дәнекерлеу–құрастыру цехының 500 шаршы метрлік қасбетіне еңбек адамын ұлықтайтын тағы бір мурал салынды. Мұнда Абайдың «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас…» деген өсиеті жазылды. «Қазақстан электролиз зауыты» қызметкерлеріне арналған жаңа тұрғын үй кешені де жаңа муралмен безендірілді.
Қостанай облысындағы тарихи панно

Қостанай облысы Октябрьский кентінде КБКБ-ның алғашқы жұмысшыларын бейнелейтін үлкен панно салынды. Ондағы басты ой – еңбек дәстүрінің сабақтастығы мен бірлігі. Суретте Абайдың «Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып» деген қанатты сөзі жазылған.

Рудный мен Ақтөбеде бірнеше жаңа мурал пайда болды
Рудныйдағы ERG Service зауытының 10 жылдығына арналған мурал да ұлы ақын мұрасымен сабақтасып жатыр.
Ал Ақтөбеде «Қазхром» ТҰК» АҚ-на бірден екі мурал салынды: бірі – тұрғын үйге, екіншісі – балқыту цехының қасбетіне cалынды. Мұнда нақты өндірісте жұмыс істеп жүрген мамандар келбеті бейнеленген.
Муралдардың мәні неде?
ERG-дің Қазақстандағы Бас директоры Серік Шахажанов жоба мәнін түсіндіріп берді.
Бұл муралдар – біздің қызметкерлерімізге көрсетілген құрмет. Еңбек адамдарының еңбегін бағалап, қалаларды көркейту – ERG-дің маңызды миссиясы. Абай мұрасын қазіргі көше өнерімен үйлестіре отырып, тәрбиелік мәні жоғары жұмыстар жасауды мақсат еттік, — дейді ол.
Барлық муралға компанияның фирмалық түстері, ұлттық ою-өрнек, өндіріс мамандарының бейнесі және заманауи геометриялық элементтер қолданылды.
Жоба қала көшелерін көркейтіп қана қоймай, елдің индустриялық дамуына үлес қосқан жұмысшылардың рөлін айшықтап, мәдени мұра мен көше өнерін үйлестірген ерекше бастамаға айналды.


