«Үйі жоқтың – күйі жоқ» дейді халық. Ал тұрақты жұмысы мен жайлы баспанасы бар адамның өмірге деген сенімі артады. Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы соңғы он жыл ішінде жұмысшыларына үміт, жас отбасыларға тұрақтылық сыйлап келеді. Компанияның бастамасымен жүзеге асқан тұрғын үй бағдарламасы аясында 4 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Оның ішінде жас отбасылар, жұмысшы мамандық иелері, өндірістің алғы шебінде жүрген қарапайым еңбек адамдары бар. Бұл – жай ғана әлеуметтік жоба емес, нақты нәтижесі бар, жұмысшылардың өмірін өзгертуге бағытталған жүйелі қолдау.
Сандар сөйлесін…
ERG тұрғын үй бағдарламасы – Қазақстандағы тау-кен металлургия саласындағы бірегей жоба. Бағдарлама аясында баспаналы болудың түрлі бағыты қарастырылған. Әуелі қызметкерлердің тұрғын үйге деген сұранысы зерттеледі, соған сәйкес жаңа үйлер салынады, «Отбасы банк», «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» секілді серіктестермен бірлесе отырып пәтерлер жеңілдетілген шарттармен ұсынылады.
ERG компаниясының тұрғын үй саясаты – толық экожүйе. Соңғы он жылда 19 тұрғын үй салынып, 110 656 шаршы метр аумақ пайдалануға берілді. Жалпы алғанда 4 046 пәтер ұсынылды. Оның ішінде 2 200 пәтер – ERG Microfinance арқылы, 867 пәтер – «Қазақстан тұрғын үй компаниясымен» бірлесіп дайындалса, 659 пәтер – «Отбасы банкімен» серіктестікте, кейін сатып алу шартымен жалға беру арқылы берілді.
Сонымен қатар, әкімдік пен «Отбасы банк» серіктестігі негізінде Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында жеңілдетілген шарттармен 320 пәтер пайдалануға берілді. Бастапқы жарна – 10%, мөлшерлеме – 3,5%-дан 5%-ға дейін. Аталған жобаларға барлығы 29,7 млрд теңге жұмсалды.
ERG тұрғын үй бағдарламасының ерекшелігі неде?
Жалпы Қазақстанда тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында түрлі жоба, бағдарлама жасалып жатқаны белгілі. ERG тұрғын үй бағдарламасының ерекшелігі – өңірлік даму мен моноқалалардағы тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталуында. Себебі ERG-дің ірі кәсіпорындары – Ақсу, Рудный, Хромтау, Лисаковск, Хромтау сияқты моноқалаларда орналасқан. Бұл қалаларда жеке құрылыс аз, жалдамалы тұрғын үй нарығы да шектеулі. Сондықтан компания бұл олқылықтың орнын өзі толтыруға тырысып жатыр.
ERG тұрғын үй бағдарламасы аясында Павлодарда 450, Ақсуда 305, Хромтауда 297, Ақтөбеде 275, Рудныйда 255, Қарағандыда 163, Екібастұзда 70, Лисаковскте 31 пәтер қолданысқа берілді.
Биыл Хромтауда 180 пәтерге арналған жаңа үй мен Лисаковскіде 100 пәтерлік үйдің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Павлодарда 140, Ақтөбеде 12 пәтер жас қызметкерлерге берілетін болады.
Дегенмен, мұның өіз компания қызметкерлерін баспанамен толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз болып отыр. Қазірдің өзінде тұрғын үй кезегінде ERG компаниясының кәсіпорындарында жұмыс істейтін 2 000-ға жуық қызметкер тұр. Оның 1 250-і, яғни 62 пайызы – жас мамандар. Олар болашаққа ұмтылып, отбасын құрып, өмірін осы қаламен, кәсіпорынмен байланыстырғысы келетін жаңа буын.
ERG жаңа баспана ғана емес, жаңа өмір сыйлайды
“ERG компаниясы үшін адам – әрдайым басты құндылық. Біз әр адам үшін өз үйінің болуы – болашаққа деген сенім мен тұрақтылықтың кепілі екенін білеміз. Сондықтан қызметкерлерімізге жағдай жасауға бар күшімізді саламыз”, — деген еді ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажанов ҚР Парламенті Мәжілісіндегі жұмысшы жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне арналған кеңесте сөйлеген сөзінде.
ERG бағдарламасының арқасында баспаналы болғандардың бірі – Алтынгүл Бәйтік. Ол Қазхром компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинатының Электро цехінде диспетчер қызметін атқарған, қазір декреттік демалыста. Алтынгүлдің жолдасы да осы кәсіпорында жұмыс істейді. Алтынгүл Алвекқызы ERG-ге алғаш 2015 жылы келген.
«Отбасын құрған соң баспаналы болу басты мақсатымның бірі еді. Компаниямыз әрдайым қызметкерлеріне жан-жақты көмек көрсетіп отырады. Бағдарлама аясында үй беріліп жатқаны бірінші рет емес қой, сондықтан үйге өтінімді бұрыннан беріп қойғанмын. Жаңа үй салынып жатқанда «осы жақтан алсам ғой» деп армандадым. Шүкір, арманым орындалды», — дейді ол.
Оның айтуынша, бастапқы жарнасыз үй алу шарты жас отбасы үшін өте тиімді болыпты.




«Бұл бағдарлама біз үшін өте тиімді болды. Ең бастысы, бастапқы жарнасыз үй алу мүмкіндігін ұсынды. Мұндай шарттармен баспана алу – үлкен жеңілдік. Бұл – компания тарапынан көрсетілген нақты қолдау деп білемін», — дейді декреттегі ана.
Алтынгүл Алвекқызы баспанасының кілтін былтыр қолына алған. Олар 2024 жылы көктемде Ақсу қаласындағы жаңа 10-үйден пәтер алып, қоныс тойын тойлады.
«2024 жылдың 14 мамырында кілтімізді алып, жаңа шаңырақта дүниеге келген сәбиіміз жаңа өмірін, ал біз өміріміздің жаңа кезеңін бастадық. Жас отбасы үшін бұл үлкен бақыт. Үйіміз жаңа талаптарға сай, сапалы салынған», — деп ағынан жарылды Алтынгүл.
Бұдан бөлек, баспаналы атанған жас жұмысшылар жетерлік. Ақсу ферроқорытпа зауытының Жастар лигасы төрағасы Тұрарбек Мейірімханов та осы бағдарламамен баспаналы болған белсенді жас маман.
Ал Ақсуда электромонтер қызметін атқаратын Ділдар Секербаев күні кеше ғана жаңа баспанасының кілтін алып жатыр.
Жұмысшы жастар және мемлекеттік бағдарламалар
Мемлекет «Отбасы банкпен» бірлесіп «Наурыз жұмыскер» бағдарламасын іске қосқаны белгілі. Алайда бұл бағдарламаға қатысқан ERG қызметкерлерінің тек 71-і баспаналы болды. Компания басшылығының айтуынша, егер бағдарламаның талаптары тиімді болғанда бұдан да көп жұмысшы үйлі бола алар еді.
7% мөлшерлеме, 2 млн теңге жинақтың болуы және 10% бастапқы жарна жас мамандар үшін тиімсіз болғандықтан, ERG өкілдері ипотекалық мөлшерлемені 3%-ға дейін төмендетіп, бастапқы жарнаны икемді ету қажет деп есептейді.
ERG жыл сайын 605 колледж түлегін жұмысқа қабылдайды. Ал жастардың басты мәселесі – баспана. Сол себепті компания тарапынан бағдарламаның жастарға бейімделуі өте маңызды. Ал мемлекеттік бағдарламалардың талаптары оқу орнын жаңа бітіріп, жұмысқа енді орналасқан мамандар үшін тиімсіз.
Осы орайда ERG өз қызметкерлері үшін қаржылық кепілдік беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұл – компанияның сенімі мен әлеуметтік жауапкершілігінің айғағы.