Рудный қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетуге арналған жаңа кабинеттер пайдалануға берілді.
Игі бастама Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының қолдауымен өткен «Run for autism – 2025» қайырымдылық шарасы аясында жүзеге асты. Арнайы кабинеттер №2 «Алтын күн» балабақшасында және №1 мектепте ашылды. Әр кабинет жыл сайын ерекше қажеттіліктері бар 10 балаға қолдау көрсетеді. Онда заманауи компьютерлер, сенсорлық аймақ, дамытушы ойыншықтар мен арнайы жиһаз орнатылған.
Биылғы қайырымдылық жүгіру шарасына 6,5 мың адам қатысып, оның ішінде 300-ден астамы даму ерекшелігі бар балалар болды. Нәтижесінде 21,9 млн теңге жиналды. Бұл қаражат есебінен Рудныйдағы жаңа кабинеттер жабдықталды. Сонымен қатар, Астанада тағы бірнеше балабақша мен колледждерде инклюзия кабинеттері ашылады.
Bolashak Charity қорының директоры Азамат Божақ ERG-ге қолдау үшін алғыс білдіріп, жиналған қаражат сапалы инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталатынын айтты.

ERG-дің Қазақстандағы Бас директоры Серік Шахажанов компания әлеуметтік жобаларды тұрақты түрде қолдайтынын білдірді.
Біз денсаулық сақтау мен білім беруді қолдауға ерекше көңіл бөлеміз. Инклюзияны дамыту – барлық балаға тең мүмкіндік беру жолындағы маңызды қадам, – деді ол.
Қостанай облысында бүгінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 9 мыңнан астам бала бар. Соның ішінде 816 бала аутизм спектріндегі ауытқулармен тіркелген.
ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға компания жылдар бойы 400 млрд теңгеге жуық қаржы құйып келеді.