Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іске қосқан «Келешек мектептері» ұлттық бастамасы аясында салынған заманауи оқу ордасы қандай болады? «Келешек мектебінің» ұстаздары ше? Оқушылар мен ата-аналар білім беру жүйесінің жаңғыруын қалай қабылдады? Baribar.kz жақында Рудныйда ашылған жаңа мектеп-гимназиядағы жас маман, оқушы және ата-ананың көзімен осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Teach for Qazaqstan түлегі: жаңа мектеп — жаңа мүмкіндік
ERG компаниясы Teach for Qazaqstan қоғамдық қорымен бірлескен жоба аясында жақында ғана Рудныйда салтанатты түрде ашылған мектеп-гимназиясына STEM-бағыты пәндерінің тәжірибелі 4 ұстазын жұмысқа шақырды. Бұл педагогтер тек ұстаз ғана емес, мектеп қабырғасында әлеуметтік және ғылыми- зерттеу жобаларын дамытатын инноваторларға айналатын мамандар. Солардың бірі – Ұлбосын Әбілсейітқызы. Шымкент қаласының тумасы қазір Рудныйда қазақ тілінен сабақ береді. Оның ұстаздық жолға, Рудныйға келуінің өзі ерекше.
Алғашында журналист болып жұмыс істеген Ұлбосын өзінің өмірлік миссиясы ұстаздық екенін үш жылдан кейін ғана түсінген. Осылайша Teach For Qazaqstan жобасына қосылып, қайта даярлау курсынан өтеді. Қарағанды облысындағы ауыл мектебінде екі жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, тәжірибе жинаған соң биыл жаңа оқу жылын «Келешек мектебінің» бір тармағы саналатын Рудный мектеп-гимназиясында бастады. Ұлбосын бұл қадам ұстаздық жолының жаңа бір кезеңі екенін айтады.
«Рудныйдағы жаңа мектеп-гимназиясына келгеніме қуаныштымын. Әр бала болашақта өз орнын тапса, қоғамға пайдасын тигізсе – ұстаздың ең үлкен жетістігі осы. Сол үшін осы мектепке келіп, тәжірибемді жалғастырып қана қоймай, жаңа ортада оқушылардың арман-мақсатына жетуіне серік болуды мақсат еттім», — дейді ол.
Жас маман қызмет етуге келген оқу орны кейінгі 3 жылда ERG қаражатына бой көтерген үшінші мектеп. ERG бұған дейін Павлодар облысындағы Қаражар мен Сычевка ауылдарында үлгілі мектептер салып, толық жабдықтап берген. Ал биыл Павлодар облысы Ақсу қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп пен Ақтөбе облысының Хромтау қаласындағы №2 гимназияны жаңартты.
Рудныйдағы мектеп-гимназияның аумағы – 19 590 шаршы метр. Тағы бір ерекшелігі – бұл оқу орны елдегі алғашқы «жасыл» әрі ең ірі мектептердің бірі.
Еліміздегі ERG мектептері– «келешек мектебінің» іске асқан моделі, нақты үлгісі. Мысалы Рудныйдағы жаңа гимназия тек заманауи білім беру ұйымы ғана емес, мұқият ойластырылған бүтін бір экожүйе. Ал мұндай жүйе нақты жоспар мен көп қаражатты талап ететіні айтпаса да белгілі. ERG компаниясы «ERG mektep» бағдарламасы аясында мектептердегі білім беруді дамыту ісін қаржыландырады.
«Соңғы бірнеше жылда біз «ERG mektep» бағдарламасы аясында мектептердегі білім беруді дамыту ісіне 15 млрд. теңгеден астам қаражат бағыттадық. Біз бұл жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іске қосқан «Келешек мектептері» ұлттық бастамасының бір тармағы екенін мақтан тұтамыз. Біз салған бұл мектепте білім алып, оны тәжірибеде сынауға барлық жағдай жасалған», — дейді ERG-дің Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.

Мектеп ғимаратына кіргенде оқу ордасының заманауи «келешек мектептерінің» үлгісі екенін бірден байқауға болады. Жас ұстаз Ұлбосын Әбілсейітқызы 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп ғимаратына алғаш келгендегі әсерін былай сипаттады.
«Мектепке алғаш кіргенде өзімді шетелдегі заманауи мектептердің біріне келгендей сезіндім. Кең, жарық кабинеттер, технологиялық мүмкіндіктер мен оқушылардың еркіндігіне жағдай жасалған орта бірден көңілге қуаныш ұялатты. Әсіресе оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттыруға арналған ұсақ-түйек детальдардың ойластырылғаны ерекше әсер қалдырды», — дейді жас ұстаз.

Оқу ордасында инклюзивті сәулет пен қолжетімді орта, жіті ойластырылған қауіпсіздік жүйесі бар. Ол эргономика, экология және энерготиімділік тұрғысынан барынша пысықталған. Күн батареяларынан алынатын электр қуатымен тек қуат тұтыну мөлшерін азайтып қана қоймай, жас ұрпақ бойында экологиялық мәдениет қалыптастырып, қоршаған ортаға барынша жауапкершілікпен қарауды үйретеді.
Мекеме аумағы түгелдей озық қауіпсіздік жүйесімен жарақталған. Ондағы бейнебақылауға жасанды интеллект құралдарымен кіріктірілген.
Мұндағы цифрлық зертханалар тек сыныпта ғана емес, көшпелі сабақтар барысында да тәжірибе жасауға мүмкіндік береді.
Ерекше гидропоника қондырғылары биология, экология мен химия бағыттары бойынша нақты зерттеулерге жол ашты. Одан бөлек, медиа-аумақ пен подкаст-студия бар. Ол аудио мен видео контентке құмар оқушылардың тартылыс аумағына айналу үшін жасалған.



Ұлбосын Әбілсейітқызы өзінің журналистикадағы үшжылдық тәжірибесін осы бағытта қолданып, шәкірттерін медиаөнім дайындауға баулитынына да қуанышты екенін жеткізді.
Сонымен қатар еліміздегі білім беру саласындағы теңсіздікті азайту мәселесіне жан-жақты тоқталды.
«Өзім ауыл мектебінде оқыған соң бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Кейінгі екі жыл ауыл мектебінде жұмыс істедім. Рудныйға келгенде заманауи цифрлық құралдардың болуы жұмысымды одан әрі сапалы істеуге көмектесті. Ұстаз тек өз сабағына дайындалуға көңіл бөледі, себебі қағаз, маркер, принтер секілді ұсақ-түйекке алаңдаудың қажеті жоқ. Тіпті ұстаздардың цифрлық көмекшілері бар. Оның көмегімен оқушылардың осал және мықты тұстары анықталып, жеке тапсырма беріледі. Бұл педагогтерге үлкен көмек. Осылайша, жалпы білім беру сапасын арттыра аламыз деп үміттенемін. Одан бөлек, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін арнайы жағдай жасалған», — деп атап өтті Ұлбосын.

Мамандандырылған сыныптар ашылып, лифт пен арнайы көтеру механизмдері орнатылып, әр оқушыға жайлы да қауіпсіз орта жасалған. Мектеп асханасы, спорт және акт залдары ең соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақталған. Мұндай аймақтар оқушының тек академиялық білімге емес, шығармашылық пен спортқа қызығуына бағыт-бағдар болады.
«Мектепте дәстүрлі сабақпен қатар, оқушылардың шығармашылығына еркіндік беріледі. Олардың әрқайсысы өзінше ой айтуға, пікірін дәлелдеуге үйреніп жатыр. Маған ұнайтыны – әр баланың жеке тұлға ретінде бағалануы. Оқушының сабақтағы белсенділігі ғана емес, спорттағы, өнердегі жетістігі де ескеріліп, қолдау табады», — дейді ұстаз.
Ұлбосынның айтуынша, бұл мектеп оның кәсіби дамуына да жаңа серпін береді. «Тәжірибелі ұстаздардан үйренетінім көп. Озық технологияларды қолдану арқылы білім сапасын арттыруға болады. Мұндай «келешек мектептері» еліміздегі білім беру жүйесіне айтарлықтай өзгеріс әкелетініне сенімдімін», — дейді ол.
Ұлбосын мектептің тек ұстаздар мен оқушылар үшін емес, бүкіл қала үшін маңызды екенін айтады.
«Бұл мектеп – Рудныйдың мақтанышы. ERG компаниясының қолдауымен салынған білім ордасы өңірдегі балаларға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Осындай қолдау болмағанда, біз заманауи білім беру үшін жеткілікті жағдай жасай алмас едік», – дейді ол.

Осылайша Рудный қаласында ашылған жаңа буын мектеп-гимназиясы жас мамандар мен оқушылардың арманын жүзеге асыратын заманауи білім ордасына айналып үлгерді. Мұны осы мектептің 7-сынып оқушысы Есения мен оның анасы Черкашина Анастасия Александровна да растайды.
Есенияның оқу ордасына барғандағы алғашқы әсері ерекше болған: «Маған бәрі қызық болды. Мектеп өте үлкен, бәрі жаңа. Жаңа техникалық жабдықтармен танысқанда ерекше шабыттандым, – дейді ол.
Ол жаңа мектеп пен бұрынғы мектебінің айырмашылығы туралы да айтып берді.
«Мұнда сабақтар қызығырақ өтеді. Жаңа ұстаздар, жаңа техника бар. Ал бұрынғы мектебімде техникалық құралдар аз еді», – деді Есения. Ол жаңа мектептің болашақта армандарын жүзеге асыруға көмектесетініне сенімді.
Анасы Черкашина Анастасия Александровна да жаңа оқу жылында қызының бойынан ерекше талпыныс байқағанын айтады.
«Біз баламыздың тұлға ретінде дамуына жағдай жасайтын, сапалы білім беретін, қауіпсіз орта іздедік. Бұл мектеп сол үмітімізді толық ақтады. Есения оқуына ынталы, өзіне сенімді бола түсті, әртүрлі салаға қызығушылығы артып келеді», – дейді ол.
Анасының айтуынша, жаңа мектептің басты ерекшелігі – заманауи база мен кәсіби ұстаздар ұжымы.
«Барлығы жоғары деңгейде жабдықталған.Жасыратыны жоқ, біз алғашында Қазақстанда заманауи білім бері ісі мұншалықты тез қарқынмен дамып кеткеніне таңғалдық. Мектепте интерактив тақтадан бастап, зертхана, спорт және шығармашылық алаңдар бар. Мұғалімдер де балаларды қызықтырып, әрқайсысына жеке көңіл бөледі», – деді Анастасия Александровна.
Мектеп ұжымы ата-аналармен қарым-қатынасты да назарда ұстайды. «Біз әрдайым мектептегі жаңалықтардан хабардармыз. Ашық байланыс бар, бізді мектеп қауымдастығының бір бөлігі ретінде көретіні бізге де жауапкершілік жүктейді”, — дейді Есенияның анасы.
Ол оқу ордасын балалардың өсіп, дамып, білім алып, өздерінің ең жақсы нұсқасына айналуына мүмкіндік беретін орын деп есептейді.
Жас ұстаздың, оқушы мен ата-ананың бұл әңгімесі, мектептің жаңа тынысы мен ERG-дің қолдауы – барлығы бір арнада тоғысып, елдің болашағы үшін жасалып жатқан ортақ қадам екенін айғақтайды.