ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытында өндірістік үдеріске жасанды интеллект жүйесін енгізу жобасы іске қосылып, пилоттық режимдегі бастама №64 кен термиялық пеште басталды. Жобаның алғашқы кезеңі сәтті аяқталып, үш айлық деректер жиналып, Big Data талдауы жасалды. Сарапшылардың айтуынша, қолдағы мәліметтер ЖИ-дің ұсыныс жасайтын моделін құруға мүмкіндік береді. Бұл технология болашақта өндірістік процестерді тұрақтандырып, өнімділікті арттырып, энергия үнемдеуге әрі апаттардың алдын алуға көмектеседі.
ERG Ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының жобалық жетекшісі Руслан Ескендиров бұл қадам жай ғана тренд емес екенін айтады.
«Қазір тау-кен металлургия кешенінде ЖИ енгізу – жай ғана тренд емес, бәсекеге қабілеттілік пен өндірістік қауіпсіздіктің негізгі шарты. Біздің қағидамыз қарапайым: датчик → дерек → модель → өлшенетін KPI», – дейді ол.
Жобаға ERG-дің ҒЗИО, IT еншілес компаниясы BTS, «Қазхром» және металлургия департаментінің мамандары қатысып жатыр. Халықаралық тәжірибесі бар технологиялық серіктес те тартылған. Болашақта технологиялық процесті басқару үшін 10 түрлі ЖИ-модуль енгізіледі.
Пилоттық жобаның келесі кезеңінде №64 пештің жұмысын басқаруға арналған цифрлық модульдер әзірленіп, қолданыстағы автоматтандырылған жүйеге қосылады. Жоба нәтижелі болса, тәжірибе зауыттағы басқа пештерде де қолданылатын болады.