ERG құрамындағы «Қазхром» трансұлттық компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинаты өндірістің тиімділігін арттыратын жаңа шешім енгізді. Кенді байыту және кесектеу фабрикасында ұсату учаскесінің өнімділігі өсті. Шахта мен карьерден келетін кен ағындарын бөлудің жаңаша сызбасы қайта өңделетін материал көлемін екі есе ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Фабрикада шахталық және негізгі карьерлік екі технологиялық желі жұмыс істейді. Конвейерден кейін хром кені осы екі желінің біріне ғана жіберілетін. Фабрика инженерлері бір жүк түсіру ойығының орнына екеуін орнатуды ұсынды.
Бұл шешім материал ағынын қуатты жоғалтпай, жабдықтың тоқтап қалу қауіпінсіз, бір мезетте екі желіге де бағыттауға мүмкіндік берді.
«Бұл ұсынысты сол фабриканың мамандары ұсынып, іске асырды. Олардың бастамасы біздің ұжымның тапсырмаларды орындап қана қоймай, көрсеткішті арттырудың жаңа жолын таба алатынын дәлелдейді. Осындай әрбір қадам бізді технологиялық тұрғыдан тұрақты әрі бәсекеге қабілетті ете түседі», — деді Дөң ТКБК директоры Бауыржан Өтемісов.
Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін кен ағынының жылдамдығы артты, ал хром кенін сұрыптау бұрынғы екі електің орнына төрт електе жүзеге аса бастады. Нәтижесінде карьерлік желінің өнімділігі сағатына 450–550 тоннадан 850 тоннаға дейін өсті. Сонымен қатар, фракцияларға бөлу сапасы да жақсарып, бүкіл байыту үдерісіне оң әсерін тигізді.
«Қазір «Қазхромда» кенді байыту кезеңіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыт өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, табиғи ресурстарға ұқыпты қараумен тікелей байланысты. Байыту сапасы жоғары болған сайын шикізат толық пайдаланылады, қалдық азаяды. Демек, экономикалық әрі экологиялық тиімділік артады. Бұл – ERG компаниясының күн сайын жүйелі түрде дамытып келе жатқан бағыты, экологиялық стратегиясының маңызды бөлігі», — деді «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Сергей Прокопьев.
Компанияда байыту технологияларын жетілдіру кезең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Бұл жұмыс тек қолданыстағы кенді тиімді өңдеумен шектелмейді, сонымен қатар жылдар бойы жиналған қалдықтарды өндірістік айналымға енгізуді де қамтиды.
Мысалы 2023 жылы Дөңде ERG Green бағдарламасының алғашқы кезеңі іске қосылып, шламдарды қайта өңдеуге арналған бірегей фабрика пайдалануға берілді. Бұл нысанда қалдықтар гравитациялық әдіспен байытылып, нәтижесінде құрамында кемінде 48,5% хром бар тауарлық концентрат алынады.

Гравитациялық байытудан кейін де құрамында бағалы хром қалдықтары сақталады. Осы өнімді толық бөліп алу үшін бірнеше ай бұрын ультражұқа бөлшектерді қайта өңдеуге арналған флотациялық учаске іске қосылды. Ол қалдықтардан хромды тікелей флотациялау бойынша әлемдегі алғашқы технология. Жүйені ERG ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығы әзірлеп, патенттеген.
ERG Green бағдарламасы аясында шамамен 14,5 миллион тонна қордаланған шламды қайта өңдеу жоспарланған. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 96 миллиард теңге.


