ERG Қазақстанда алғашқы кәсіби біліктілікті тану орталығын ашты

Eurasian Resources Group (ERG) Қазақстанның тау-кен металлургия саласында алғашқы кәсіби біліктілікті тану орталығын ашты. Бұл – еңбекті тәуелсіз бағалау жүйесін дамыту және сала мамандарының кәсіби құзыретін арттыру бағытындағы маңызды қадам.

Жаңа орталық Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасында аккредитациядан өтіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен, Ұлттық біліктілік жүйесі талаптарына сай құрылды. Жоба тау-кен және металлургия салаларындағы қызметкерлер мен лауазымға үміткерлердің кәсіби деңгейін тәуелсіз түрде бағалап, ресми түрде тануға арналған.

Орталықтың көмегімен қызметкерлер оқыту мен тәжірибе арқылы алған білім-білігін ресми түрде растай алады. Ал компаниялар үшін бұл – кадрлардың құзыретін тиімді басқаруға мүмкіндік беретін жүйе.

Бағалау ашық әрі айқын стандарттар негізінде жүргізіледі. Бұл тәсіл өндірістің тиімділігін арттыруға және қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді. Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту – кадр тапшылығын азайтып, еңбек нарығында кәсіби бағалауға деген сенімді нығайтуға бағытталған бастама.

«Президент Жолдауында елімізге жоғары білікті, кәсіби дайын мамандар қажет екені айтылды. Кәсіби біліктілікті тану орталығы – ERG-дің Қазақстандағы адам капиталын дамытуға қосып отырған үлесі. Біз халықаралық стандарттарға сай ашық және әділ бағалау жүйесін қалыптастырамыз. Бұл біздің мамандарымыздың тек ел ішінде емес, шетелде де бәсекеге қабілетті болуына жол ашады», – деді ERG директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.

Орталық Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының қолдауымен және саладағы білікті сарапшылардың қатысуымен ашылды. Мұндағы қызмет мемлекеттік талаптар мен тәуелсіз бағалаудың үздік халықаралық тәжірибелеріне сүйенеді.

«ERG-дің бұл орталығы болашақта халықаралық деңгейде қызмет етіп, шетелдік ұйымдармен де серіктесе алады. Мұндай құрылымдар кәсіпорын қызметкерлеріне кәсіби қабілеттерін елде және шетелде мойындатуға мүмкіндік береді. Кәсіпорындар мен оқу орындарының ынтымақтастығы кәсіби даярлаудан бастап, біліктілікті тануға дейінгі толық экожүйені қалыптастырды», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов.

Бастапқы кезеңде орталық 12 негізгі кәсіп бойынша бағалау жүргізеді. Олардың қатарында ферроқорытпа балқытушы, матаушы, металлургиялық өндірістегі кран машинисі, электргазбен және қолмен доғалы дәнекерлеуші, жарушы, ұңғылаушы, экскаватор мен тиеп-жеткізу машинасының машинисі, ауыр жүк көлігінің жүргізушісі секілді мамандықтар бар.

Бағалау міндетті және ерікті түрде жүзеге асырылады. Орталық қызметін тек ERG қызметкерлері ғана емес, басқа кәсіпорындардың мамандары, студенттер мен түлектер, сондай-ақ мердігер ұйымдардың жұмысшылары да пайдалана алады.

Орталық Ақсу қаласында ашылды. Бұл таңдау кездейсоқ емес — қала әлемдік ферроқорытпа өндірісінің орталығы және ERG-дің энергетикалық дивизионының күре тамыры іспетті. Мұнда бағалау үдерістерінің қолжетімділігі мен ыңғайлылығы қамтамасыз етіледі.

Алдағы уақытта компания Рудный мен Хромтау қалаларында да осындай орталықтар ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, кәсіби бағалау нәтижелерін ERG-дің корпоративтік оқыту жүйесіне енгізу көзделген. Бұл HR-жүйелерінде қызметкерлердің кәсіби деңгейін автоматты түрде ескеруге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз

ERG мен ЗМК Қашар карьеріне арналған думпкар жеткізу туралы меморандумға қол қойды

Eurasian Resources Group (ERG) пен Ресейдің «Завод металлоконструкций» акционерлік қоғамы (ЗМК) Қашар карьеріне арналған думпкар жеткізу туралы меморандумға қол қойды. Келісім Қазақстан мен Ресей аймақтарының...

ERG Skills International байқауы шеберлік шекара талғамайтынын көрсетті

«Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады» деген қазақ мақалы бар. Ал ERG Skills International кәсіби шеберлік байқауы өндіріс маманы еңбек алаңында шынығатынын көрсетті. Павлодар облысының...

ERG және BTS қызметкерлері «Үздік цифрландырушы» атанды

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ERG және BTS компаниясының бес маманын саладағы ең жоғары марапаттардың бірі – «Үздік цифрландырушы» медалімен марапаттады. Медаль Астанада Цифрландыру...