Қарапайым инженерден ұлттық энергетика көшбасшысына дейін

Қазақстан тәуелсіздігін енді алып, ел экономикасы бір жүйеден екіншісіне ауысып жатқан аласапыран жылдар. Жұмыссыздық, тоқтап тұрған зауыттар, белгісіз болашақ… Дәл осы тарихи кезең бір жас инженердің кәсіби өмірін ғана емес, тұтас энергетика саласының болашағын айқындаған еді.

Бүгінгі кейіпкеріміз Еуроазиаттық энергетика корпорацияның бас директоры, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Дүйсен Мерғалиев еңбек жолын қарапайым цехта инженер болып бастаған. Оның еңбек жолы мен әңгімесі – Қазақстан өнеркәсібінде әлеуметтік лифтің қалай жұмыс істейтініне нақты дәлел.

Тәуелсіз Қазақстанмен қатар даму

Дүйсен Мерғалиев Павлодар индустриалды институтын бітірген кезең Кеңес Одағы құлап, тәуелсіз жас мемлекет енді қалыптасып келе жатқан сәтпен тұспа-тұс келді. Жас маман Семей машина жасау зауытына жұмысқа баруы керек еді, бірақ тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көптеген кәсіпорын секілді ол зауыт та уақытша жұмысын тоқтатты.

«Жұмыс жоқ, жалақы жоқ, жатақхана жоқ. Сол кезде институтқа қайта оралып, аспирантураға түстім. Бірақ ол жақта да жағдай мәз емес еді. Бірде университет қабырғасында Екібастұз ГРЭС-1 станциясының кадр бөлімінің маманы бар екенін естідім. Алдына барып дипломымды көрсеттім. Энергетика саласындағы ұзақ әрі қиын жол осылай басталды», — деген ол жастық шағын есіне алды.

Жас инженер алғашқы қадамын өндірістік-техникалық бөлімде (ПТО) бастағанымен, көп ұзамай цехта қызмет етуге сұранады. Дүйсен Мерғалиевтің айтуынша, ол нағыз өндірістегі күресті көзбен көріп, сезініп, нақты мәселелерді шешу үшін ауысқысы келіпті. Оның үстіне, нарықта цехтің айлығы да жоғары еді.

«Ол кезде кәсіпорында қаражат аз, қосалқы бөлшектер жетіспеді. Қажет бөлшектерді өзіміз жасақтап, қайта құрастырып шығаратынбыз», — дейді Дүйсен Мерғалиев.

Бұл кезең шыдам, төзім, қиындыққа сынбау, инженерлік ойлау, шешім табу, өз күшіне сену қабілеттерін дамытқан қазіргі басшының ең мықты мектебі болды.

Әлеуметтік лифт қалай жұмыс істейді?

Кейіпкеріміздің кәсіби дамуына үлкен серпін берген – 1996 жылы Қазақстан энергетикасына келген AES корпорациясы. Сол кездің өзінде әлемнің отызға жуық елінде ашылған америкалық энергетика корпорациясында Дүйсен Мерғалиев турбина жөндеу бөлімінің аға шебері, кейін 2017 жылы компанияның Қазақстандағы вице-президенті болды. Кейіпкеріміз халықаралық тәжірибе, кәсіптік білім алу, қызметкерлерді дамыту және басқару ісіндегі дағдыларын алғаш осы кезеңде меңгергенін айтады.

Дүйсен Мерғалиевтің өміріндегі осы кезеңнің өзі өндірістегі әлеуметтік лифтің ең айқын көрінісі деуге болады. Өнеркәсіп үшін маңыздысы – лауазым емес, адамның потенциалы. Егер жобаны алып жүре алатын маман болса сенім артылып, мүмкіндіктерге жол ашылады. Осы тұста Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген өлең жолдары өндірісте де өміршең екенін айтады кейіпкеріміз. Себебі өндірістегі лифт тек бір батырманы басумен немесе ұзақ жылдар бойы бір зауытта қызмет етумен ғана жоғары көтерілмейді, оның негізгі тірегі де, жоғарылататын күш те – маманның үздіксіз дамуы.

Дүйсен Мерғалиев Чили мен Катарда жұмыс істеу, Дарден бизнес мектебінде оқу, қауіпсіздік, менеджмент, персоналды дамыту бағыттарында халықаралық тәжірибе жинау, техникалық директор, ТЭЦ басшысы, кейін дивизион жетекшілігіне дейін көтерілу процесін осы корпорацияда қызмет еткен жылдары өткерді. Бұл тәжірибе – «еңбек еткен адам міндетті түрде өседі» деген қарапайым қағиданың дәлелі.

Өндірістегі шынайы әлеуметтік лифттің тағы бір айғағы – мықты, тәжірибелі мамандардың әлемдік деңгейде сұранысқа ие болуы. Қай ел болмасын, энергетика мен металлургия – жаһандық экономиканың жүрегі. Электр энергиясы да, металл да – бүкіл әлем халқының сұранысында. Сондықтан өндіріс саласында өсіп шыққан кәсіби маман тек өз корпорациясында ғана емес, шетелдік нарықта да қажетті кадрға айналады. Кейіпкеріміздің Чили мен Катардағы, Украинадағы тәжірибесі соның дәлелі: білікті инженер, сауатты менеджер, қауіпсіздік мәдениетін терең меңгерген басшы – қай елге барса да құнды.

Яғни, өндірістегі тәжірибе – тек кәсіпорын ішіндегі мансап емес, халықаралық кәсіби капитал. Бүгінгі заманда өндірісте еңбек еткен адам тек бір зауыттың немесе бір аймақтың емес, тұтас әлемдік индустрияның сұранысына сай қалыптасады.

«Әр үйге жарық пен жылу» – миссия емес, жауапкершілік

«Кейін Екібастұз ГРЭС-1-де техникалық директор, Өскемен ЖЭО-ның бас директоры қызметтерін атқардым. Осы кезеңнен түйген ең басты сабағым – үнемі өзіңді, біліміңді жетілдіріп отыру керек екен және өмір ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет», — дейді Дүйсен Мерғалиев.

2020 жылы өмір кейіпкерімізге тағы бір мүмкіндік ұсынады. Осы уақыттан бастап Еуроазиаттық энергетика корпорацияның бас директоры боп тағайындалады. «Әр үйге жарық пен жылу әкелу» миссиясымен жұмыс істеген компанияның кейінгі жылдардағы жетістігі де көңіл қуантарлық.

«Еуроазиаттық энергетика корпорацияның 2022 жылы қабылданған құжаттағы «әр үйге жарық пен жылу әкелу» – жай ұран емес. ЕЭК-тің жұмысы тікелей халық тұрмысымен байланысты. Қаладағы жылу, үйдегі жарық, өндірістің тоқтамауы, әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмысы маңызды», — дейді компания басшысы.

Қазір ERG энергетиктері мен барлық станциялары қысқы маусымға толық дайын.

Ақсудағы алып жоба: №7 энергоблоктың реконструкциясы

Еуроазиаттық энергетика корпорациясы Ақсу электр станциясы энергоблоктарын қайта құру бағдарламасын жүзеге асырды. Бұл – Қазақстан энергетикасы үшін ірі стратегиялық жоба.

Қазір жоба бойынша демонтаж аяқталды, турбина мен қазандыққа келісімшарт жасалды, қытайлық серіктестер АСУ ТП мен фильтрлерді жеткізетін болса энергоблок 2028 жылы іске қосылады.

Дүйсен Мерғалиев ірі реконструкцияның оңайға соқпағанын айтады. «Геосаяси қиындықтар болса да, жоба тоқтаған жоқ. Бұл да – өнеркәсіптің жаңа кезеңге бейімделу қабілетінің көрінісі», — дейді ол.

Кәсіби және жеке даму жолында

Дүйсен Мерғалиев энергетика саласына алғаш қадам басқан күннен бастап өндірістің тек бүгінгі күйін емес, оның 5–10 жылдық болашағын елестететіп, жоспарлы түрде жұмыс істеп келеді. Бұл қабілет оны жаңа стратегиялық шешімдерге жетелейді.

Мәселен, ол басқарған энергия нысандарында реконструкция тек қуатты сақтап қалу үшін емес, оны арттыруға бағытталған. Ол басқаратын компания үлесіне елімізде өндірілетін электр энергиясының шамамен 17 %-ы тиесілі болғанына қарамастан, Дүйсен Мерғалиев бұл көрсеткішті ұстап тұрумен шектелмей, одан әрі арттыруды ойластырып жүр. Бұл – инженерлік шеберлік қана емес, «жаңғырмайтын объект – артта қалатын объект» деген Мерғалиевтің ұстанымының көрінісі.

Экология мәселесінде де ол саланың ішкі дәстүрлі көзқарасымен шектелген жоқ. Қазақстандық талаптардан бөлек, еуропалық стандарттарға сай фильтрлер орнатып, тіпті шаңды 20 мг/нм³ деңгейіне дейін азайтуды мақсат етті. Жасыл энергияға көшу – бүгінгі тренд қана емес, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін сақтайтын іргелі фактор екенін де ерте түсінді.

Қауіпсіздік мәдениеті – көшбасшы жауапкершілігі

Кез келген өндірісте қауіпсіздік бірінші орында. Бірақ энергетикада бұл – моральдық емес, нақты техникалық міндет. Дүйсен Мерғалиев басшылыққа келгеннен кейін ең алғашқы қадамдардың бірі – қауіпсіздіктің жаңа мәдениетін қалыптастыру болды.

LOTO (Lockout-Tagout) жүйесін енгізу – осы өзгерістің бір дәлелі. Бұл әдіс Еуропа мен АҚШ-та ондаған жыл бұрын қалыптасқан, бірақ Қазақстанда әлі жаңа. Пилоттық жоба ретінде Ақсу электр станциясында енгізіліп, кейін бүкіл дивизионға таратылды. Келесі жылы жүйені одан әрі жетілдіру жоспарланып отыр.

Тағы бір батыл қадам – цифрландыру жүйесі. Қағаздан автоматқа көшу қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, адами факторды азайтады. Бұл – саланың ішкі процестерін өзгертетін нақты реформалар.

Мерғалиевтің басшылығымен іске қосылған 150 МВт қуатты Хромтау жел электр станциясы – Еуразиялық Топ тарихындағы алғашқы «жасыл» мегаватттар. Қазіргі КИУМ көрсеткіші 39% болып, жоспардан асып отыр. Бұл жетістік техникалық табыс қана емес, Мерғалиевтің «экология – бұл бәсекеге қабілеттіліктің жаңа валютасы» деген көзқарасының нәтижесі.

Ал Ақтөбе ферросплав зауытында салынып жатқан 80 МВт-тық утилизациялық электр станциясы – нағыз инновация. Бұрын факелде өртелетін газ енді энергияға айналады.

Қоғаммен ашық диалог – жаңа форматтағы басшылық

Дүйсен Мерғалиев әлеуметтік желілерде белсенді. Оның парақшасы – өзін таныстыру емес, тікелей байланыс алаңы. Қызметкерлер, аймақ тұрғындары, қоғам өкілдері бәрі хат жаза алады. Басшы ретінде осындай ашықтық жұмысқа жаңа мәдениет әкеледі.

«Қазіргі аудитория ақпаратты әлеуметтік желіден алады. Сондықтан ашық болу – қажеттілік», — деп есептейді ол.

Бұл көзқарас қазіргі менеджменттің жаңа үлгісі: кабинеттік емес, диалогқа негізделген басшылық.

Компания басшысының қоғаммен тығыз байланысы оның қоғамдық өмір мен саясатқа араласуына себеп болды. Павлодар облыстық мәслихатының депутаты ретінде Мерғалиев қазір өңірдің әлеуметтік мәселелеріне белсене араласады. Бизнес, заңдылық, өңірлік даму – оның жұмысы қатысатын негізгі бағыттар.

Екі жауапты міндетті қатар атқару оңай емес. Дегенмен оның айтуынша, екі сала бір-бірін толықтырады: энергетикадағы мәселелерді билік деңгейінде жеткізуге мүмкіндік береді.

Дүйсен Мерғалиевтің кәсіби жолы – өндірістегі әлеуметтік лифттің өміршең мысалы. Ол классикалық басқару үлгісін емес, жаңа, ашық, технологиялық және болашаққа бағытталған көшбасшылықты қалыптастырды.

Энергетика саласының күрделі кезеңінде оның батыл шешімдері – елдің энергетикалық қауіпсіздігіне, экологиясына, технологиялық жаңаруына қосылған нақты үлес.

Ең маңыздысы – бұл тек компанияның даму тарихы емес, адамның өз білімі мен еңбегінің арқасында өсіп, үлкен жүйелерді өзгертуге қабілетті бола алатынын дәлелдейтін оқиға.

Оқи отырыңыз

Балқытушыдан басталған жол: Ержан Абдулабековтің ширек ғасырда шыққан шыңы

Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы тіршілік бір қарағанда қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ зауыт аумағына кіргенде бәрі басқаша. Темір балқытып, от үрлеп тұрған алып пештердің бет...

Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері чемпионатта топ жарды

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкері Балғынбек Мырзабек WorldSkills Kazakhstan 2025 республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында «Өнеркәсіп автоматикасы» бойынша бірінші орын...

Ақсу-1 теміржол станциясын реконструкциялау жобасы аяқталды

Павлодар облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын Ақсу-1 теміржол станциясын реконструкциялау жобасы толық аяқталды. Осылайша өңірдің көлік инфрақұрылымында маңызды жаңару кезеңі басталды. Жаңғыртылған нысан вагондар мен локомотивтердің...