Астанада өткен «Кәсіби маман» республикалық байқауында ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты «Кадр даярлауға қатысушы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Комбинаттың көп жылдан бергі серіктесі Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі де елдегі ең үздік оқу орны атанды.
Дөң ТКБК мен колледж арасында ынтымақтастық орнағанына ондаған жылдар болды. Оқу орны жыл сайын өндірісте жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр дайындап, түлектерінің 90 пайызы кәсіпорынға жұмысқа орналасады. Студенттер комбинаттың өндірістік алаңдарында ақылы тәжірибеден өтіп, еңбек нарығына нақты дағдылармен шығады.
Комбинат директоры Бауыржан Утемисов бұл марапатты «жұмысшы мамандықтар жылы мен Қазхром компаниясының 30 жылдық мерейтойының қорытындысы» деп бағалады. Оның айтуынша, колледждің мықты білім беру базасы жас мамандарға халықаралық кәсіби шеберлік байқауларында жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік беріп келеді. Көптеген түлек аз уақыттың ішінде өз ісінің маманына айналып, комбинатта жауапты қызметтер атқарып жүр.
ERG тарапынан көрсетілетін жүйелі қолдаудың арқасында колледждің материалдық-техникалық базасы едәуір нығайды. Кейінгі жылдары оқу орны жаңа компьютерлермен, өндірістік оқытуға арналған жабдықтармен толықтырылып, шеберханаларға дәнекерлеу үстелдері орнатылды. Спорт залы жөндеуден өтті, оқу-шахталық полигон салынды, сондай-ақ тау-кен жабдықтарының жұмысын модельдейтін заманауи симуляторлар енгізілді.
2025 жылы колледжде тау-кен саласына мамандар даярлаудың жаңа тәсілін енгізген заманауи құзыреттілік орталығы ашылды. Оның құрамына VR-зертхана мен тау-кен машиналары және кешендері зертханасы кіреді. Бұл орталық студенттерге виртуалды ортада, өндірістік жағдайларға барынша жақын форматта кәсіби дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Орталықта жер асты кен өндіру, жерасты құрылымдарының құрылысы және энергетика бағыттарын қамтитын сегіз мамандық бойынша білім беріледі. Орталықты ашуға «Қазхром» компаниясы 115 миллион теңге бөлсе, жалпы 2025 жылы колледжді дамытуға салынған инвестиция 200 миллион теңгеден асты.


