Өндіріс басшысының ерекше өмірлік пәлсапасы

Таңғы бесте оянатын әдет… Фабрика қақпасынан естілетін үн… Жұмысшылардың табаны тиген жер… Бір кездері бала арманын тербеткен сол көріністер бүгінде оның өмір жолын айқындаған негізгі нүктеге айналды. Қырық жылдық еңбек, өндірістік белестер, мыңдаған шешім, сүйікті ісімен айналысып сүйікті отбасын асырау – осының бәрі Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры, кәсіби инженер, өз ісінің шынайы жанашыры Бауржан Утемисовтің өмір жолын сипаттайды. «Өндіріс пен өрлеу» айдарының бүгінгі кейіпкері бізге өзінің өмір жолын ерекше лирикалық әсермен баяндап берді. Baribar.kz оқырмандары еңбек жолын өндірістегі жұмысшыдан бастап, қазір комбинатты басқарып отырған басшының осы әңгімесінен шабыт алады деп ойлаймыз.

Бауржан Утемисов Хромтау маңындағы Дөң ауылында дүниеге келген. Ал өндіріске деген қызығушылық мектептен үйге қайтар жолдағы аялдамада басталған. Ол өзінің бала арманы мен фабрика туралы әсерін былай сипаттайды: «Мектеп оқып жүргенде Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметтік автобусымен үйге қайтатынбыз. Автобусқа №1 Ұсатып-байыту фабрикасының жанынан мінуші едік. Сол кезде ашық тұрған қақпаның артынан естіліп жататын фабриканың үні мені үнемі таңғалдыратын».

Оның айтуынша, бұл өлкеде өндіріс саласы жай ғана жұмыс емес, атадан балаға берілетін мұра, бүтін бір әулеттің ата кәсібі іспетті. Бауржан Утемисовтің де ата-анасы геологиялық барлау саласында жұмыс істеген.

«Ата-анамның жұмысына бару, олардың күнделікті қызметі туралы әңгімелерін тыңдау, жабдықтардың қалай жұмыс істейтінін білу маған ерекше қызық еді», — деген ол осы қызығушылықтың лебімен 8-сыныпты аяқтаған соң Рудный индустриалдық техникумына «пайдалы қазбаларды байыту» мамандығына оқуға тапсырады. Аттестаттағы бағалары жақсы болғандықтан, емтихансыз қабылданып, техникумды бітірген соң әскерге аттанады. Әскерде жүріп жоғары білім алуға шешім қабылдайды. Осылайша Қазақ политехникалық институтында оқып, Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары фабрикаға жұмысқа орналасады.

«Фабрика мен үшін бөтен емес еді. Алайда алғашқы ресми жұмыс күнім ерекше есімде қалды. Себебі дәл сол күні өзімді осы өндірістің толыққанды маманы, инженер ретінде сезіндім», — деп еске алды ол алғашқы жұмыс күнін. Сол күннен бері арада 40 жыл уақыт өтті. Кейіпкерімізден осы уақыт аралығында өмірінде қандай өзгеріс болғанын сұрадық.

«Ойландыратын сұрақ екен. Арада қанша уақыт өтті, талай оқиға орын алды. Бір жерде жетістікке жеттік, бір жерде қателіктен сабақ алдық. Қазір артқа қарасам, ең үлкен айырмашылық – жиналған өмірлік тәжірибе екен. Өндірісте ұзақ уақыт жұмыс істеген кез келген маман осылай жауап беретін шығар», — дейді ол.

40 жыл – бір адамның бүкіл ғұмырына тән өзгерістерді сыйдыра алатын уақыт. Директор өзін ұзақ уақыт бойы осында ұстап тұрған нәрсе жұмысына деген махаббат екенін айтады. Қазақта «мамандық таңдаудан және жар таңдаудан қателеспеген адам – бақытты адам» деп жатады. Бауржан Утемисов үшін де табыс ұғымы отбасы мен сүйікті ісінің балансымен байланысты.

«Ең бірінші мотиваторым – ұлым, екі қызым және сүйікті жұбайым. Екіншісі – жан-тәніңмен жақсы көретін ісіңнің болуы және оның нәтижесін көру. Осы екі дүниенің үйлесімі, тепе-теңдігі – мен үшін нағыз табыс. Көп жыл бұрын фабрикаға келу туралы жасаған таңдауым үшін ешқашан өкінген емеспін. Бұл мен үшін жай мамандық емес, өмірімнің үлкен бөлігі», — деген ол осы екі ұғым туралы ерекше тебіреніспен баяндап берді.  

Әдетте табысты тұлғалардың, компания басшысының өмір жолын баяндағанда «жолы болған», «бәрі оңай» сияқты болып көрінуі мүмкін. Бүгінгі кейіпкеріміздің өмірлік пәлсапасы пианиноның ақ-қара пернелері іспетті. Сондықтан әңгіме барысында еңбек жолының тек сәтті тұстарын емес, қиындықтарын да қатар баяндап беруге тырысты.

«Қарап отырсам, жұмыста, өмірімнің шамамен 70%-ы өтіпті. Аз уақыт емес, көп нәрсені өткердік. Ұжым болып отырып батыл шешімдер қабылдадық. Әр әріптесім – өз алдына бір тұлға. Мен басымыздан өткен мына оқиғаны айтып берейін, бірақ мұны қиындық емес, идея мен мотивация туралы бір мысал деп қабылдасаңыздар екен», — деп бастады директор әңгімесін.

Осылайша ол бір кезеңде Дөң тау-кен байыту комбинатында зауыттарды қамтамасыз ету үшін ірі бөлшекті концентрат тапшылығы орын алғаны туралы сөз қозғады.

«Әріптестеріммен бірге менің институттағы жетекшім, профессор Илья Давидович Райвичтің технологиясы бойынша «Южный» карьерінің беткейінде 10–160 мм көлеміндегі ірі бөлшекті концентрат өндіретін шөктіргіш кешен салуды ұсындық. Бұл кешенді ешқандай мердігерсіз, тек цех қызметкерлерінің күшімен, қарапайым слесірлер мен фабрика жұмысшыларының қолымен, бар мүмкіндікті пайдалана отырып жинадық. Технологияны іске қостық. Әрине, «жұмыс істемейді» деп күмәнданғандар болды. Бірақ шөктіргіш машина маусымдық режимде бес жыл жұмыс істеді», — деген ол өз қолымен салынған кешенді сенімнің, батылдықтың үлгісі ретінде көрсетті.

Одан бөлек Бауржан Утемисовпен ұсақ кластарды байыту учаскелерінің құрылысы, кейінірек шекемтас өндіретін цехтың ашылуы туралы да сөйлестік. Ол цех ТМД аумағында болат лентамен жұмыс істейтін алғашқы нысан болған екен. Фабрика әлемдік рекорд орнатқан уақытты жылы естелік ретінде есіне алды.

«Жалпы, фабрикадағы әр жылым есте қалды десем де болады. Сіз сұрақ қойғанда 40 жылдық таспа көз алдымнан өтіп, бір марқайып қалдым. Біз үнемі ізденісте болдық, дамыдық, жаңа жобаларды жүзеге асырдық және нәтижесін көргенде ләззат алатынбыз», — деді ол.

Директор егер адам өзгеруге дайын болса, өндіріс оны міндетті түрде өзгертетінін айтады. Жұмысшы маман байыпты бола бастайды, алдын ала ойлап, жоспар құруды үйренеді, кәсіби жауапкершілігі артады. Бұл адамның жеке дамуына да әсер етеді.

«Өндіріс – бұл үнемі қозғалыста болатын, тірі ағза. Мұнда идеяларға, бастамаларға мүмкіндік көп. Өзіңді сынайтын, ерекше ынталандыратын орта сыйлайды», — дейді ол.

Сұхбат барысында біз оның тек маман ретіндегі философиясын емес, адами құндылықтарын да тани алдық. Оның ойынша, жақсы маман болудың негізі – әуелі жақсы адам болу.

«Жақсы маман мен жақсы адамның негізгі байланыс мынада: егер адамның адамгершілік қасиеттері биік болса, ол адал, табанды, ұжыммен жақсы қарым-қатынаста болса, оған жақсы маман болу әлдеқайда жеңіл. Мұндай адам әрқашан сый-құрметке ие болады», — дейді басшы.

Бауржан Утемисов өндірісте жүріп үнемі өзін дамытуға тырысатын тұлға. Мұны оның кітап оқу дағдысынан байқауға болады. Әңгіме барысында ол Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» және бөлек шыққан «Сегізінші дағды» атты кітаптарын оқу арқылы тәуелсіздік, жұмыстағы өзара тәуелділік, үздіксіз даму туралы көп ақпарат алғанын айтты. Бұл дағдылар кез келген уақытта, өмірдің кез келген саласында нәтиже көрсететініне сенімді. Әсіресе, тау-кен саласында білім, тәжірибе мен төзім қатар ұштасуы керек деп есептейді кейіпкеріміз.

«Тәжірибе мен білім – техникалық мамандар үшін кәсіби негіз. Тәжірибе мен білім жинаған адам уақыт өте шынығып, кез келген жағдайға дайын болуды үйренеді. Сол себепті төзім өздігінен қалыптасады», — дейді Бауржан Утемисов.

87 жылдық тарихы бар Дөң комбинатының өзі төзім мен тұрақтылықтың символындай. Тарихы тереңде жатқан жұмыс орнында әр жұмысшы өз тарихын қүрады. Көбіне бұл тарихи еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған мамандар кейін басшылық қызметке ауысса да өндірістегі процессті бүкіл жан-тәнімен сезінетін болады. Қызметкерлер өз арасында «Комбинат – жай зауыт емес, тірі ағза» дейтіні сондықтан.  

Комбинат директоры Бауржан Утемисов те еңбек жолын жұмысшы ретінде бастаған адам ретінде қазіргі қызметінде басқа жұмысшыларға эмпатия танытатын басшы.

«Егер еңбек жолыңды өндірістің өзінен, жұмысшылар ортасынан бастасаң, кейін қандай жоғары лауазымға көтерілсең де, процеске жұмысшының көзімен қарау көзқарасын жоғалту қиын. Бойыңда эмпатия басым болса тіпті бәрін түсініп тұрасың. Біздің компаниядағы ірі өндіріс орындарының басшыларының бәрі өндірістің ішінен шыққан, сондықтан үдерістің барлық қыр-сырын жақсы біледі», — дейді ол.

Кейіпкеріміз бұл күнге дейінгі өмірінің қиын кезеңдерін де еске алды. Алайда қиындыққа ешқашан мойымайтын маман мұның өзін әдемілеп жеткізуге тырысты.

«Бұрын теледидарда бір жарнама болатын. Адам ақ жолақпен басын тік ұстап кетіп бара жатады, кейін қара жолаққа өткенде басы төмен түседі. Өмір де сол сияқты түрлі кезең болады. Қарадан кейін міндетті түрде ақ кезең келеді. Сол үшін ешқашан мойымау керек. Қандай жағдай болса да, басыңды тік ұстап жүру маңызды», — деген өмірлік пәлсапасын айта келе, бір кездері белгілі себептерге байланысты уақытша өндірістен шеттеп қалғаны туралы айтып берді.

Осы кезеңде маманның жылдар бойы қалыптасқан өмір ырғағы мен әдеттері өзгеріске ұшырап, қиналған екен. Жұмысқа бармайтынын саналы түрде түсінсе де, күн сайын таңғы бесте оянып алып, өткен өміріне, өндірістегі күндеріне сағынышпен қарайтын. Маманның, басшының жұмысына деген махаббаты мен адалдығының көрінісі осы болса керек. Өмірдегі, өндірістегі түрлі кезеңге қарамастан Бауржан Утемисов қазіргі өміріне дән риза. «Менің өмірім қызық, өзіме ұнайды. «Артыңызға қарағанда не өзгертер едіңіз?» деп сұраса, ешнәрсе өзгертпес едім. Осы сезім жаныма жайлылық сыйлайды», — деп қорытындылады ол. Өндіріс басшысының өмірлік пәлсапасы кез келген адамның өміріне темірқазық болатындай нұрлы тұжырым екен деп түйдік біз де.

Оқи отырыңыз

Қарапайым инженерден ұлттық энергетика көшбасшысына дейін

Қазақстан тәуелсіздігін енді алып, ел экономикасы бір жүйеден екіншісіне ауысып жатқан аласапыран жылдар. Жұмыссыздық, тоқтап тұрған зауыттар, белгісіз болашақ... Дәл осы тарихи кезең бір...

Балқытушыдан басталған жол: Ержан Абдулабековтің ширек ғасырда шыққан шыңы

Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы тіршілік бір қарағанда қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ зауыт аумағына кіргенде бәрі басқаша. Темір балқытып, от үрлеп тұрған алып пештердің бет...

Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері чемпионатта топ жарды

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкері Балғынбек Мырзабек WorldSkills Kazakhstan 2025 республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында «Өнеркәсіп автоматикасы» бойынша бірінші орын...