Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы тіршілік бір қарағанда қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ зауыт аумағына кіргенде бәрі басқаша. Темір балқытып, от үрлеп тұрған алып пештердің бет қаритын ыстығы, жүздеген адамның үйлесіммен қозғалуы, жылдар бойы бір сәтке тоқтамай жүріп тұрған күрделі механизм… Мұнда адамның еңбек жолы мен өндірістің тағдыры егіз ұғым екені анық сезіледі. Дәл зауыт директоры Ержан Абдулабековтің еңбек жолы мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қатар даму жолы сияқты.
Шындығында біз зауыт басшысы Ержан Абдулабековпен кездесуді ұзақ күттік. Бірақ сол аралықта кейіпкерімізді әлеуметтік желіде бақылай отырып оның тек басшы емес, сан қырлы маман екенін аңғардық. Күн тәртібі мен өмірдің барлық саласындағы белсенділігіне қарап, бізге бөлген бір сағат уақытқа бәрін сыйдыруға тырыстық. Ержан Абдулабековпен әңгімеміз дәл уақытында басталып, тура бір сағатқа созылғаны оның өндірістегі және өмірдегі ұстанымы темірдей тәртіп пен нақты жоспарға негізделгенін тағы бір мәрте дәлелдеп бергендей болды.
Еңбек жолын балқытушы болып бастаған зауыт басшысының еңбек жолы – бір ғана адамның тағдыры емес, тұтас өндірістің қалай өзгеріп, жаңарып, өркендеп келе жатқанының айғағы. Ержан Абдулабеков әңгімесін әлқисса деп өндіріске алғаш келген сәтінен бастады.
«Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін бітіріп, 2001 жылы ERG құрамындағы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының 1-цехына балқытушы болып жұмысқа кірдім», — деп есіне алды ол өндіріс саласына жасаған алғашқы қадамын.

Бұл жас металлургтің алғашқы жұмыс орны және Қазақстандағы қара металлургия өнеркәсібінің тұңғыш зауыты еді. Содан бері арада ширек ғасыр өтті. Бір кәсіпорында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеу – тұрақты даму стратегиясы. Алайда зауыт басшысы мұны «өндіріс саласындағы қалыпты құбылыс» дейді.
«Бір мекемеде ұзақ жылдар бойы жұмыс істеу жалпы металлургия үшін қаншалықты қалыпты екенін нақты айта алмаймын, бірақ біздің зауыт үшін сирек кездесетін құбылыс емес. 30-40 жыл осында қызмет етіп, зейнетке шыққан тұлғалар қаншама?! Ұзақ жылдар бірге жұмыс істеген әріптестерімізді зейнетке осы зауыттан салтанатты түрде шығарып салып жатамыз. Сондықтан бұл біз үшін үйреншікті жағдай», — деген ол өзі алғашында зауытқа ұзақмерзімді жоспармен келмегенін айтты. Алайда зауытпен бірге дамып, болмысы да осы отта темірдей тәртіпке үйреніп, шыңдала түскенін де тілге тиек етті.
Ол кезде ферроқорытпа зауыты тек жұмыс орны емес, ертеңге деген үміттің символы болатын. Университет қабырғасында жүріп-ақ зауыттың шаңын жұтып, өндірістің температурасын сезген кейіпкеріміздің болашақ кәсіби тағдырын өндірістік тәжірибе анықтап берген екен. Техникалық мамандыққа деген қызығушылық, есепке жүйріктігі, инженерлік ойлау қабілеті оны металлургияның нағыз ортасына алып келді.
«Басында екі жыл істеп кетемін деп ойлағанмын», — дейді ол күліп.
Бірақ өндіріс адамды оңай жібере бермейді. Бір пештің жанында мыңдаған тонна шикізаттан қалай металл туатынын көру – кез келген адамды қызықтырмай қоймайтын процесс. Кейіпкеріміз де сол құбылыстың бір бөлшегіне айналған адам. Өзі осы процесстің бір бөлшегіне айналып қана қоймай, жас мамандарды өндіріс процесімен таныстырып, кәсіби мамандар дайындайтын нұсқаушыға айналған жан.
«Өзім түлеп ұшқан университетпен, кафедрамен байланысымыз үзілген емес. Жыл сайын түлектер салтанатты түрде диплом алғанда барамыз, жиі жиналыс өткізіп тұрамыз. Зауытқа қажет мамандықтар туралы ақпарат беріп отырамыз. Тәжірибеден өткісі келетін жастарға есігіміз ашық. Соның арқасында әзірге кадр тапшылығы жоқ. Оның үстіне биыл жұмысшылар жылы болып жарияланды. Біз атқарып жүрген жұмыстың маңызы насихаттала бастады», — деп марқайып қалды кейіпкеріміз.
Жергілікті университет негізгі кадр тапшылығын қамтамасыз етіп отырғанымен, кейбір сирек мамандарға әлі де болса сұраныс бар. Ержан Абдулабеков университет басшылығымен келісіп, кейде тіпті оқу процесіне тікелей араласып, студенттер жұмыс орнына қажет дағдыларды меңгеріп шығуы үшін арнайы дәрістер мен тақырып қосуға ұсыныс білдіреді екен. Дуалды оқытуға шақырып, өндірістің ғылыми базасын қалыптастыруға да үлес қосып жүр.
Ержан Абдулабековтің айтуынша, зауытта уақыт басқаша өтеді. Біреу үшін бір жыл – ұзақ мерзім, ал өндіріс үшін бұл небәрі бір маусым. Біреу үшін бес жыл – үлкен еңбек өтілі, ал мұнда 20, 30, 40 жыл жұмыс істеу қалыпты нәрсе. Ал зауыттың өзі 82 жылдық тарихында рекордтық көрсеткішке қол жеткізген зейнеттегі қария сияқты. Ержан Абдулабеков осы атмосферада шыңдалды. Пештің жанында күн-түн демей жұмыс істеп, бірде техниканың «мінезін» үйретіп, бірде жұмысшылардың қауіпсіздігін қадағалап, бірде процесті жаңа деңгейге көтеруге атсалысты. Сол тәжірибе кейін оны бөлім басшылығы мен цех басшылығына алып келді. Ал 2023 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры болып тағайындалды.
Бұл лауазым жай ғана кабинет ауыстыру емес, бүкіл жауапкершілікті өзіне алу деген сөз еді.

Кейінгі жылдары зауыттың тынысы бұрынғыдан жиі соғатын болды. Қуат артып, автоматтандыру күшейіп, өндірістік тәртіп жаңа деңгейге шықты. Осының арқасында зауыт тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш тіркелді.
«Өткен жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты 82 жылдық тарихындағы ең жоғары өндіріс көлеміне жетті. Биыл бұл межені тағы да жаңарту жоспарда бар. Егер барлығы жоспарланғандай жүрсе, жыл соңына дейін былтырғыдан 25 мың тонна өнім артық шығаратын боламыз», — дейді зауыт директоры. Оның айтуынша, бұл кездейсоқ жетістік емес, модернизацияның, жаңа технологиялардың, жүздеген адамның үйлесімді жұмысының нәтижесі.
Зауыт басшысы мұны қарапайым тілде былай түсіндірді: «Бізде бірде-бір пеш артық жұмыс істемейді, бірде-бір қадам бекер жасалмайды. Бәрі математикалық дәлдікпен орындалады».
Ширек ғасыр зауытпен бірге дамып келе жатқан ол жетістіктің сыры ретінде екі факторды атап өтті. Алғашқысы тұрақты даму стратегиясы болса, екіншісі алып зауыттың жүрегі саналатын төртінші цех. 10 жыл бұрын іске қосылған бұл нысан зауыттың қуатын екі есеге арттырып, өндіріс мәдениетіне жаңа бетбұрыс әкелген. 2024 жылы ол ресми түрде рекорд жаңартқан цех ретінде белгіленді. Бұл тек инженерлік жетістік емес, жаңа ұрпақ металлургтерін тәрбиелейтін үлкен мектепке айналды.
Зауыт директорының айтуынша, өндірісте кейінгі жылдардағы жаңа технологиялар жиі қолданылады. Жүйені толық автоматтандыруға отандық мамандарымыз атсалысқан.
«Жаңа жүйе енгізу үшін көбіне шетелдік мердігерлерді шақырмаймыз. Өз мамандарымызды оқытып, дамытып, технологияны өзіміз игеруге тырысамыз», — дейді ол. Мысалы студенттердің бірі пештің толық 3D моделін құрастырған. Бұл – зауыттың болашақтағы «ақылды өндіріс» жүйесіне көшуінің алғашқы қадамы.
Металлургия қызық сала. Бір қарағанда бәрі тұрақты, бәрі үйреншікті. Бірақ оның әр секундында қауіп бар: жоғары температура, балқыған металл, электр қуаты, ауыр техника… Сондықтан бұл жерде қауіпсіздік мәдениеті – жай ереже емес, өмір сүру салты.
Ержан Абдулабеков – зауыт директоры, өндіріс басшысы ғана емес, мәслихат депутаты, қоғамдық шараларға белсенді қатысатын қайраткер. Ол зауыт орналасқан аймақтағы тұрғындардың экология мен қауіпсіздікке қатысты алаңын жақсы түсінеді. «Қоршаған ортаға жүктемені азайту мәселесі жергілікті халық үшін әрдайым маңызды. Біздің басты міндетіміз – жұмысшылардың қауіпсіздігі мен экологияны сақтау», – дейді ол.
Директор кез келген зауыт қауіпті өндіріс орны саналатынын жақсы түсінеді. Бірақ жылдар бойы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қауіптер айтарлықтай төмендегенін алға тартады.
«Зауытта Safe Start, КПР (контроль критических рисков) сияқты пилоттық жобалар мен оқыту бағларламалары жүргізіледі. Жұмысшыларға қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ету керектігі, әріптестеріне де жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарау қажеттігі түсіндіріледі. Машинист үйдегі мәселелерін ойлап, жұмысқа назар аудармаса, өзіне ғана емес, айналасында жүрген адамдарға да қауіп төндіруі мүмкін», — дейді ол.

Экология мәселесі де басшының назарында. «Кез келген металлургиялық зауыт экологияға әсер етеді, бірақ бұл заңмен белгіленген шектерден аспауы тиіс», – дейді ол.
Ержан Абдулабеков зауыттың қаланың төңірегінде орналасқанын ескеріп, заманауи талаптарға сай жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Пештер мен газ тазалау жүйелері жаңартылып, шығатын газдар заманауи стандарттарға сәйкес тазаланады. Қоқыстар шикізат ретінде қайта өңделіп, өндірісте тиімді пайдаланылады.
Сонымен қатар, Ержан Абдулабеков қоғаммен ашық диалог орнатуға да көңіл бөледі. «Жыл сайын экологиялық есеп беріп, қала тұрғындары мен журналистерге көрсетеміз. Кімге қызық болса, сол қарап, пікірі мен ойын, ұсынысын айта алады», – дейді ол. Қоғаммен байланыс орнату зауыт жұмысын жақсартуға да ықпал етеді, себебі тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстары ескеріледі.
Осылайша, Ержан Абдулабековтің басқаруында зауыт тек өнім өндірумен шектелмей, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экологияны қорғауға және қоғаммен белсенді қарым-қатынас орнатуға бағытталған. «Өмірде идеал ешнәрсе жоқ, бірақ біз әрдайым қазіргіден жақсырақ болуға ұмтыламыз», – деп қорытындылады ол әңгімесін. Ал біздің бұл әңгімеден түйгеніміз: металл да, адам да уақытпен, еңбекпен, қиындықпен шыңдалады. Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қазір жаңа рекордтарды бағындырып жатыр. Ал сол жетістіктің артында – өз жұмысын шын сүйетін, зауытпен бірге өсіп, бірге өзгерген адамдар тұр. Ержан Абдулабеков – солардың бірі.






