ERG жаңа кезеңі: Жапония конгломераттарымен келісім компанияны қалай дамытады?

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға мемлекеттік сапары аясында Eurasian Resources Group (ERG) жапонның жетекші конгломераттары – Mitsubishi, Hitachi және Mitsui компанияларымен келісімге қол қойды.

Атап айтсақ, ERG Hitachi және Mitsui конгламераттарымен өзара түсіністік пен серіктестік туралы меморандумға, ал Mitsubishi Corporation RtM Japan Ltd. компаниясымен галлий жеткізуге қатысты келісімшартқа қол қойды.

Hitachi және Mitsui компанияларымен келісім аясында тараптар озық технологияларды енгізу, декарбонизация, «жасыл» экономиканы дамыту, өндіріс қуаттарын жаңғырту және жоғары технологиялық жеткізу тізбектерін қалыптастыру бағытында бірлесіп жұмыс істейді. Ал Mitsubishi Corporation RtM Japan Ltd. Компаниясымен галлий жеткізуге қатысты жасалған ұзақмерзімді келісімшарт іске асқан жағдайда, Қазақстан галлий өндіру көлемі бойынша әлемде екінші орынға шығуы мүмкін.

Қазақстанды өндірістегі көшбасшыға айналдыратын жоба

Галлий – электроника, микроcхемалар, жарықдиодтар мен заманауи технологияларда кеңінен қолданылатын стратегиялық маңызы жоғары металл. Жаңа өндіріс Павлодардағы «Қазақстан алюминийі» АҚ құрамындағы алюминий зауытында жүзеге асырылады. Ерекшелігі – өндірістік ерітінділерден галлий алу технологиясы ERG Research and Development компаниясының өз ғылыми әзірлемесі болуында. Бұл технология негізгі өнім – глиноземнің сапасын арттырып қана қоймай, құрамында бастапқы алюминий тотығы төмен, бірақ стратегиялық тұрғыда аса құнды металл өндіруге мүмкіндік береді. Жобаға салынған инвестиция көлемі 12,5 млрд теңгеден асады, нәтижесінде 70 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жаңа өндірістің жоспарланған қуаты – жылына 15 тонна галлий. Ал алғашқы өнім 2026 жылдың үшінші тоқсанында алынады деп жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер Қазақстанды әлемдік жоғарытехнологиялық материалдар нарығында жаңа деңгейге шығарады.

«Мемлекет басшысы Жолдауында сирек кездесетін металдар мен аса маңызды минералдардың әлемдік өндіріс және сауда тізбектерінде өз орнын табуы қажет екенін атап өтті. Галлий – заманауи технологиялардың негізі. Бұл жоба Президент тапсырмасына толық сай келеді және Қазақстанның жоғарытехнологиялық материалдар нарығындағы позициясын нығайтады», – деді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.

Жапондармен «жасыл» экономиканы қалай дамытуға болады?

ERG мен Mitsui арасындағы меморандум тау-кен байыту және металлургия жабдықтарын модернизациялау, орнықты даму мен терең өңделген өнімдер шығаруға қатысты бизнес мүмкіндіктерді бірлесе зерттеуге арналған. Атап айтқанда, ауыр тау-кен техникасын электрлендіру және күйдіру машиналарын жаңғырту арқылы көміртегі ізін азайту жоспарланып отыр.

Ал ERG мен Hitachi Construction Machinery арасындағы келісім перспективалық жобаларды бірлесе зертеуді көздейді. Соның ішінде карьерлерде қолданылатын Hitachi EH4000 самосвалдарының күш қондырғыларын гибридті жүйеге бейімдеу, тау-кен жабдықтарының тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу мүмкіндіктері қарастырылады.

Тараптар халықаралық нарыққа көміртегі ізі төмен өнімдер жеткізу, логистика мен жеткізу тізбектерін жетілдіру, минералды ресурстарды сату, қойма, кеден және тасымал инфрақұрылымы бойынша ұзақмерзімді шешімдерді бірлесіп әзірлеуге келісті.

ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, бас директоры Шухрат Ибрагимовтің айтуынша, бұл келісімдер компания дамуының жаңа кезеңіне жол ашады. Оның сөзінше, жапондық серіктестермен ынтымақтастық технологиялық модернизацияны жеделдетіп, экологиялық таза шешімдерді енгізуге және қазақстандық өндірістің әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді. Компания болашақта да халықаралық серіктестермен бірлесе отырып, өндірістік процестерді трансформациялау, көміртегі ізі төмен өнімдер нарығындағы Қазақстанның позициясын нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.

Оқи отырыңыз

Өндіріс басшысының ерекше өмірлік пәлсапасы

Таңғы бесте оянатын әдет… Фабрика қақпасынан естілетін үн… Жұмысшылардың табаны тиген жер… Бір кездері бала арманын тербеткен сол көріністер бүгінде оның өмір жолын айқындаған...

Қарапайым инженерден ұлттық энергетика көшбасшысына дейін

Қазақстан тәуелсіздігін енді алып, ел экономикасы бір жүйеден екіншісіне ауысып жатқан аласапыран жылдар. Жұмыссыздық, тоқтап тұрған зауыттар, белгісіз болашақ... Дәл осы тарихи кезең бір...

Балқытушыдан басталған жол: Ержан Абдулабековтің ширек ғасырда шыққан шыңы

Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы тіршілік бір қарағанда қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ зауыт аумағына кіргенде бәрі басқаша. Темір балқытып, от үрлеп тұрған алып пештердің бет...